Блинкен: Курск облысында 8 мың солтүстіккореялық сарбаз жүр

Оңтүстік Корея және АҚШ қорғаныс министрлерінің кездесуіне қатысып отырған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (оң жақтан екінші).

Ресейдің Курск облысында жүрген Солтүстік Корея әскері жақын арада Украина күштерімен соғысқа көшуі мүмкін. Бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осылай деп мәлімдеді. Ол Қытайды Пхеньянды тежеу үшін өз ықпалын қолдануға шақырды.

Блинкеннің сөзінше, Ресей Солтүстік Корея сарбаздарын артиллериямен жұмыс істеуге, дрондарды қолдануға, құрлықтағы негізгі тактикалық операцияларға баулып жатыр.

Америка дипломатының сөзінше, Ресейде он мың солтүстіккореялық сарбаз бар, 8 мыңы – тамыз айынан бері кейбір аумағын украин күштері басып алған Курск облысында жүр.

Блинкеннің сөзінше, АҚШ пен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлерінің кездесуі кезінде тараптар осы мәселені талқылап, Мәскеудің Украинаға қарсы соғыста Солтүстік Корея әскерін пайдалануы Кремльдің "әлсіздігінің айқын айғағы" деп баға берген.

Сол күні Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық ракетаны жапон теңізіне қарай ұшырғаны, әуеде 86 минут болып, 7700 шақырым биіктікке көтерілгені, ізінше Корей түбегінің шығыс жағалауындағы Солтүстік Корея аумағындағы суға құлағаны белгілі болды.

Токиодағы арнайы баспасөз жиынында Жапонияның министрлер кабинетінің хатшысы Есимаса Хаяси бейсенбі күнгі сынақтағыдай әлгі ракетаны қарапайым траекториямен ұшырса, 15 мың шақырымға ұша алады деп мәлімдеді.