Астананың ауданаралық соты 31 қазанда журналистердің мәдениет және ақпарат министрлігіне қарсы шағымын қарай бастады. Шағым түсірушілер "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесіндегі" нормалар сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығына қайшы деп санайды.
Отырыстың алғашқы бөлігі 31 қазанда түске дейін өтті. Одан BES.mediа басылымы тікелей эфирде хабар таратты. Техникалық ақауға байланысты процесс үзілді. Ізінше сот түстен кейін жалғасты.
ҚазТАГ-тың жазуынша, сотта журналистердің құқығын қорғаған заңгер Сергей Уткин "Масс-медиа туралы" заң бойынша журналистердің аккредитация алуға құқығы бар, алайда тамыз айында қабылданған жаңа ережеге сәйкес, журналист іс-шараға қатысатын әрбір бұқаралық ақпарат құралының аккредитациясынан өтуі міндетті екенін атап өткен. Министрлік өкілі сотта мұны міндет дегеннен гөрі "шарт" деп атаған дұрыс деп түзеуге тырысты. Ал Уткин "егер шарт болса, оның шектеу сипаты бар ма?" деп сұрады. Министрлік өкілі ережеде ешқандай шектеу жоғын айтты.
Сот отырысы кезінде сонымен бірге аккредитациялайтын ұйымның баспасөз қызметі ереженің орындалуын қадағалайтыны белгілі болды.
9 қазанда бір топ ақпарат құралының өкілі журналистерді аккредитациядан өткізу туралы жаңа ережедегі нормалар сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығына қайшы деп мәдениет және ақпарат министрлігін сотқа берген еді.
"Басты мәселе – аккредиттелген журналистің мемлекеттік органдардан алынған ақпаратты журналисті аккредиттегеннен басқа кез келген БАҚ арқылы таратуына тыйым салатын тармақ болып отыр. Бұл шарт екі рет бұзылса, журналист алты айға дейін аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Талапкерлердің пікірінше, бұл талап Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, 39-баптарына және ҚР «Масс-медиа туралы» Заңына қайшы келеді, олардың ақпаратты еркін алу мен таратуға конституциялық құқығын шектейді" деп жазылған "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының хабарламасында.
Шағым түсірушілердің пікірінше, ресми хабарламалар аккредитацияға қарамастан барлық журналистке берілуі керек.
"Ақпаратты аккредиттеу туралы өтініш берілген бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жариялау туралы талап журналистік қызмет еркіндігін шектеп, ақпаратқа тең қолжетімділік қағидасын бұзуы мүмкін. Бұл шарт мемлекеттік органда аккредитациясы бар және аккредитациясы жоқ журналистердің теңсіздігін тудырады. Оларды әртүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпаратты еркін тарату мүмкіндігінен айырады. ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бостандығына, оның ішінде ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілген" деп жазылған "Әділ сөз" хабарламасында.
Апта ортасында осы іске қатысты түсініктеме берген мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер "өздерінің конституциялық құқықтарын" пайдаланып отырғанын айтып, өз кезегінде ведомство "өз ұстанымын қорғайды" деп мәлімдеді.