Байқоңыр айлағында Германия мен Францияның екі азаматы ұсталды. Ресейдің күштік құрылымдарына сүйенген мемлекеттік ТАСС агенттігінің хабарлауынша, олар "зымыран тасығышты суретке түсірмек болған".
Shot дерегінше, полиция бөлімшесіне 21 жастағы француз азаматы Аксель Оливьер Роберто Гуйено мен оның танысы, 26 жастағы неміс Юлиан Карл-Юрген Поренц жеткізілген.
Олар телефон камерасымен видео түсірмек болған деп айтылады. Ұсталғандарға әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жеткізілген.
Шетел азаматтары өздерінің турист екендерін, Байқоңырды көруге келгендерін және сынақ жүріп жатқан маңға жақындағанын айтқан.
2022 жылы мамырда Байқоңыр қаласында "Оңтүстік" айлағының аумағында британ блогері Бенджамин Рич ұсталған еді. YouTube-те үш млн-нан астам жазылушысы бар блогер бұрынғы совет елдерін аралап, сол туралы видео блог жүргізген. Блогерге 60 фунт (шамамен 77 доллар) айыппұл салынып, босатылған.
Шілдеде Байқоңыр айлағында Нидерланды және Бельгияның үш азаматы ұсталған. ТАСС сол кезде ұсталғандар айлақ аумағына заңсыз кіргенін жазған. Маусымның басында Байқоңыр аумағынан Францияның екі азаматы жүргені анықталған. Кейін олардың айлақ аумағына кірмек болған диггер (жерасты нысандарын зерттегісі келетін субмәдениет өкілдері) екені айтылды.
Байқоңыр қаласы мен оның айлақ орналасқан аумағын Ресей 2050 жылға дейін Қазақстаннан жалға алған, ол федералдық маңызы бар қала статусына ие. Ресей жалға алғаны үшін жылына 115 млн доллар төлейді.