АҚШ Украинаға кезекті көмек пакеті жеткізілетінін хабарлады

Пентагон

АҚШ қорғаныс министрлігі 1 қарашада Украинаға құны 425 млн доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін жариялады. Кезекті қару-жарақ партиясы әскери қоймалардан алынбақ.

Пакетте NASAMS және HIMARS жүйелеріне арналған оқ-дәрі, әуе қорғаныс кешендеріне арналған Stinger ракеталары, мобильді c-UAS ракета жүйесі, "әуе-құрлық" санасына кіретін оқ-дәрі, 155 миллиметрлік және 105 миллиметрлік артиллерия снарядтары, танкке қарсы TOW снарядтары, Javelin және AT-4 кешендері бар.

АҚШ қорғаныс министрлігінің тізімінде Stryker бронды көліктері мен атыс қаруы, оқ-дәрі, медицина жабдықтары, жарылғыш заттар, қосымша жабдықтар, қызмет көрсету мен оқыту құралдары да көрсетілген.

АҚШ ресми түрде НАТО-ға кірмеген жүздеген одақтас және әріптестерімен Украинаның қорғаныс мәселесі жөніндегі байланыс тобы арқылы әріптестік орнатқан.

Бұл көмек пакетін 31 қазанда Пентагон жетекшісі Ллойд Остин мәлімдеген. Тасымалданатын қару түрлері мен материалдардың тізімі Пентагон сайтында жарияланады.

Осыған ұқсас құны 400 млн доллар болатын алдыңғы көмек пакеті 21 қазанда Ллойд Остиннің Киевке сапары кезінде жарияланған.