Британдық көлік өндіруші Jaguar Land Rover компаниясы Ресейдегі активтерін жергілікті өкілдіктегі менеджерлерге сатып, бизнестен кетті. Келісімге алғашқылардың бірі болып "Интерфакс" назар аударды.
Көлік тасымалдау ресми түрде 2022 жылы тоқтатылған.
Компанияның Ресейдегі өкілдігінің 100 пайыз акциясын құрылтайшысы төрт ресейліктен құралған топ сатып алған. Арасында оның бұрынғы бас директоры мен бизнесті дамыту жөніндегі директор да бар.
Келісімнің жай-жапсары белгісіз. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін қабылданған Ресей заңына сәйкес, батыс компаниялары нарықтан кетерде үкімет комиссиясынан арнайы рұқсат алуға тиіс.
Келісімнен түскен кірістің 35 пайызын сатушы бюджетке құюы керек. Міндетті дисконт компания құнының 60 пайызын құрайды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Jaguar Land Rover Ресейге жаңа көлік тасымалдауды тоқтатқан. Сол кезде компанияның кірісі 7,5 млрд рубльге дейін қысқарған, ал 2023 жылы оның көлемі 1.5 млрд рубль болып қалды.
Қазір халықаралық санкция шартына сәйкес, Ресейге премиум-секторындағы жеңіл көліктерді тасымалдауға тыйым салынған. Дегенмен Jaguar мен Land Rover-дің кейбір ресейлік дилерлері сатып алушыларға жаңа көлікті жарнамалап жүр деп жазды Азаттықтың Орыс қызметі.