Молдовада президент сайлауының екінші туры Ресейдің килігуі туралы мәлімдемелер тараған шақта өтіп жатыр

Майя Санду және Александр Стояногло

Молдова азаматтары президент сайлауының екінші турында дауыс беріп жатыр. Олар еуропашыл қазіргі президент пен ресейшіл кандидат арасында таңдау жасауы керек. Шағын Балқан елі Шығыс пен Батыс арасындағы саяси алшақтықтың бетпұрыс кезеңінде тұр.

Қазіргі президент Майя Санду 20 қазанда өткен президент сайлауының алғашқы турында 42 пайыз дауыспен - бұрынғы бас прокурор, ресейшіл Молдованың социалистік партиясының кандидаты Александр Стояноглоны жеңген. Стояноглоға сайлаушылардың 26 пайызы дауыс берген.

Екінші турдың қорытындысы бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 22.00-де қолға түсетіні, алғашқы ресми қорытындысы жарым түннен кейін жарияланатыны айтылды.

Сайлау Ресей елдегі президент сайлауы мен Молдованың Еуроодаққа қарай бағыт алуы бойынша референдумға да араласқаны туралы айыптаулар айтылған шақта өтіп отыр. Майя Санду мен жақтастары елдің Еуроодаққа бет бұрғанын қалайды.

Еуропамен интеграцияны қолдайтын жақ референдумда 50,38 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Санду "қылмыстық топтар шетел күштерімен бірге" 300 мың дауысты сатып алуға тырысқанын, осылайша Еуропаға бет бұруды жақтаған топтың көрсеткішіне едәуір жақындағанын айтты.

Сауалнама да Сандудың алғашқы турда жеңіл жеңіске жететінін көрсеткен. Алайда социалистер кандидаты Стояноглоның күтпеген жерден "жоғары" нәтижеге көрсетуі көпшілік үшін таңғаларлық жайт болды.

Молдованың қазіргі президенті және президенттіктен үміткер Майя Санду дауыс беріп жатыр. Кишинев, 20 қазан 2024 жыл.

Стояногло екінші турда ұлтшыл және ресейшіл топтардың қолдауына ие болып, Сандудың қайта сайлануына жол бермеуі мүмкін екені де айтылды.

Еуропадағы ең кедей елдердің бірі саналатын Молдовада 3,02 млн сайлаушы тіркелген.

Молдовада президент қызметінің рәсімдік сипаты көп болғанмен оның саяси ықпалы бар. Президент қатарынан екі мерзім отыра алады.

52 жастағы Майя Санду Гарвард университетін бітірген, Дүниежүзілік банктің бұрынғы қызметкері. 2020 жылғы сайлауда еуропашылдығымен көзге түсіп, жемқорлықпен күресуге уәде берген. Ізінше жеңіске жетіп, Молдованың тәуелсіздік тарихындағы алғашқы әйел президент атанды. Алайда ол сайланған уақыттан бері оны қолдаушылар азайған болуы мүмкін, себебі коронавирус пандемиясы ел экономикасына шығын келтіріп, Кишинев пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас та нашарлай түсті.

Молдованың автономды бөлігі Гагаузияның астанасы Комратта тулардың жанында велосипедпен кетіп бара жатқан ер адам. 2 қараша 2024 жыл.

Майя Санду президенттігі тұсында Кишинев Молдованың ЕО-ға қосылу бойынша кандидат атануына көп күш салды, бұл әсіресе 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін маңызды бола түскен. Оны кремльшіл саяси партиялар "Мәскеумен араға от жақты" деп айыптаған.

Ресейлік көңіл-күй анық байқалатын Гагаузия автономды өлкесінен шыққан 57 жастағы Стояногло 2019-2021 жыл аралығында Молдованың бас прокуроры болған. Ол сайлауалды кампаниясы кезінде тәртіп сақтауды кампаниясының басты тақырыбы ретінде таңдады. Оны бас прокурор болып тұрған кезде "жоғарыдағы жемқорлықты шеше алмады" деп сынаушылар бар. Стояногло өзінің "Мәскеу адамы" екенін жоққа шығарады.

Стояноглоны оппозициялық ресейшіл социалистер партиясы қолдайды. Партия жетекшісі, елдің бұрынғы президенті Игорь Додон бұл жолы сайлауға түскен жоқ, алайда жақтастарын Стояноглоға дауыс беруге шақырған. Дегенмен социалистер партиялардың бірде-бірін өз кандидаттарына дауыс беруге көндіре алмады.

Додон сияқты, Стояногло да бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталушы танылған. Бұрынғы президентке – жемқорлық және мемлетке сатқындық жасау, бұрынғы бас прокурорға жемқорлық және билік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айыптар тағылған. Екеуі де істердің саясиланғанын, іс президент Сандудың жеке тапсырмасымен қозғалғанын айтқан. Ал Санду мұны жоққа шығарады.

Президенттіктен үміткер Александр Стояногло. Кишинев, 27 қазан 2024 жыл.

Стояноглоның Украинадағы соғысқа көзқарасы екіұшты: ол қақтығысқа "теріс пікір" білдіргенмен Ресейді басқыншылық жасады деп тіке айыптамаған. Ол Еуропаға бет бұруға үнемі қарсы шығып келеді, бірақ оның Румыния азаматтығы бар. Ал қызы Еуропа орталық банкінде жұмыс істейді.

Ақпарат құралдары Стояноглоның румын паспорты барын білген кезде ол құжат қолына 2019 жылы тигенін айтып, жай-жапсарын түсіндірмеген.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін Молдованың басым бөлігі Румынияның құрамында болған және көптеген молдовалықтардың Румыния азаматтығы да бар. Бұл оларға ЕО аумағында еркін саяхаттап, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Молдова – орыс диаспорасының едәуір бөлігі тұратын Мәскеу қолдайтын сепаратистік Приднестровье аумағы бар Еуропадағы ең кедей елдердің бірі.