Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония әскері бірлесіп әуе жаттығуын өткізді. Оған кемінде бір америкалық стратегиялық B-1B бомбалаушы ұшақ қатысқан. Бұл өткен аптада Солтүстік Кореяның жапон теңізіне қарай құрлықаралық баллистикалық ракета ұшыруына жауап ретінде ұйымдастырылып отыр. Бұл жөнінде штаб жетекшілерінің бірлескен комитетіне сүйенген оңтүстіккореялық "Ренхап" агенттігі хабарлады.
Әскери жаттығу Оңтүстік Кореяның Чеджудо аралының шығысына жақын акваторияда өтті. Үш елдің ұшқыштары бомбалаушы ұшақтың мүмкіндіктерін көрсету үшін шартты нысанаға соққы жасауды пысықтаған.
Солтүстік Корея 31 қазанға қараған түні құрлықаралық баллистикалық ракетасын сынақтан өткізген. Снаряд Хоккайдоның батысынан шамамен 200 шақырым жерге теңізге құлаған. Жапонияның қорғаныс министрлігі ракетаның ұшу ұзақтығы рекордтық көрсеткіш – 85 минутқа жеткенін айтты.
"Ренхап" агенттігінің ақпаратынша, ракетаны ұшыру АҚШ-тағы президент сайлау алдында демонстративті ишарат болуы мүмкін. АҚШ президенттігінен үміткер Дональд Трамп – Солтүстік Корея басшысымен кездескен Американың соңғы президенті.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің санкциясы Солтүстік Кореяға ракета сынағын жүргізуге тыйым салады.
Батыс елдері Пхеньянды Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін солтүстіккореялық сарбаздарын Ресейге жіберді деп айыптайды. АҚШ қорғаныс министрлігі мен Украина билігінің мәлімдеуінше, Солтүстік Кореядан барған бірнеше мың солдат Курск облысында жүр. Ол жақтан ресейліктер Украина қарулы күштерін тықсыруға тырысып жатыр.