Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елдің қорғаныс министрі Йоав Галантты қызметінен босатты. Ол министрге енді сенімі жоғын айтты. Бұл туралы Нетаньяху кеңсесінің хабарламасында жазылған.
Галанттың орнына әскери ведомствоны басқару сыртқы істер министрі Исраэль Кацке жүктелді. Сыртқы саясат мекемесін бұдан былай үкімет мүшесі Гидеон Саар басқармақ.
"Соғыстың алғашқы айларында сенім болғанына және жұмыс пайдалы болғанына қарамастан, өкінішке қарай, кейінгі айларда қорғаныс министрімен арамызда сенімге селкеу түсті", – деді Нетаньяху Галантты қызметінен босатуға байланысты. Ол Галант бүкіл министрлер кабинетінің шешіміне қайшы келетін мәлімдемелер жасап, шешім қабылдады деп айтты. Нетаньяху қайшылықты шешуге тырысқанын мәлімдеді, бірақ олар "кеңейе түскен", премьердің сөзінше, ақыр соңында бұл жағдайдан Израильдің жаулары "көп пайда көрген".
Йоав Галант 5 қарашада қызметінен кетуге байланысты пікір білдірді. "Израиль мемлекетінің қауіпсіздігі өмірімнің миссиясы болды және солай болып қала береді", – деді қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Нетаньяху мен Галант Израиль армиясының палестиналық ХАМАС тобына (Израильде, АҚШ-та және ЕО-да террористік ұйым деп танылған) қарсы Газа секторындағы операциясының алдағы жоспарына байланысты бірнеше ай бойы дауласып келген. Екеуі де оңшыл "Ликуд" партиясынан. Былтыр қазанда Газаны бақылайтын ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан басып кіріп, мыңнан астам адамды өлтіріп, 200-ден астамын кепілге әкеткен соң Израиль Газа аймағында соғыс операциясын бастаған.
Арадағы қайшылыққа қатысты әскери қызметкерлердің біраз уақыттан бері соғысты тоқтатуды және ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдарды үйге қайтару бойынша келісімге келуді қолдайтыны айтылды. Ал Нетаньяху ХАМАС тобы Газа секторындағы биліктегі ұйым және қарулы күш ретінде жойылғанға дейін соғыс жалғасуы керек деп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 41 мың мәйіт, 95 мың жаралы, 1,9 млн босқын. Газадағы соғысқа - бір жыл