АҚШ-тағы президент сайлауына Республикалық партия атынан кандидат, бұрынғы президент Дональд Трамп қазіргі дауыс санау деректері бойынша, барлық жеті "құбылмалы" штатта алда келеді. Сарапшылар сайлауда кім жеңетіні сол штаттарға байланысты деп санайды.
Дауыс санау әлі жалғасып жатыр.
Трамп Флорида штатының Палм-Бич қаласында жақтастарының алдына шыққанда "жеңіске жеттім" деп мәлімдеді. "Міне, АҚШ-тың 45-президенті және 47-президенті алдыңызда тұр", – деді Трамп. Егер ол жеңіске жетсе, бұл бұрынғы президенттің төрт жыл үзілістен кейін Ақ үйге оралған тарихтағы екінші оқиға болмақ.
Ол сахнаға әйелі мен балаларын ертіп шықты, оларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Жұрт алдында вице-президенттікке кандидат Джей Ди Вэнс те сөйледі.
Трамп сөзінде негізгі тезистерін қайталап, ол президент болғанда "бұдан былай соғыс болмайды" деп уәде берді.
Демократиялық партия үміткері, қазіргі вице-президент Камала Харристің бүгін, 6 қарашада жақтастары алдында сөйлемейтіні белгілі болды. Оның сайлау кампаниясы дауыс санау қорытындысын күтеміз деп мәлімдеді.
Америкалық Fox News және NBC News телеарналары, АР ақпарат агенттігі Дональд Трамп Пенсильвания штатында жеңіске жетті деп мәлімдеді. Пенсильвания бұл сайлаудағы ең маңызды штат болған. Бұған қоса, Fox News телеарнасы Трамп президент сайлауында жеңіске жетті деп жариялады.
Трамп осымен үшінші рет президент сайлауына түсіп отыр. 2020 жылы ол қазіргі президент Джо Байденнен жеңіліп қалған. 2024 жылғы сайлауға Байден де түскен еді. Бірақ шілде айындағы дебаттан соң, оның жасына байланысты алаң күшейіп, қазіргі президент додадан шығып қалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-та президент сайлауы мәреге таяды, әзірге Трамп алда келеді