Тоқаев түркі елдері саммитінде Орта дәліздің әлеуетін толық пайдалануды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысу үшін Бішкекке келген сәт. 6 қараша, 2024 жыл.

6 қарашада Қырғызстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының 11-саммиті өтті. Оған ұйым мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінің басшылары, сонымен бірге осы ұйымда бақылаушы мәртебесіне ие Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипрдің ресми өкілдері қатысты.

Бішкектегі жиында көлік-логистика байланыстарын, соның ішінде Қытайдан Еуропаға Ресейді айналып өтетін бағытты нығайту – Түркі мемлекеттері ұйымының басымды міндерттерінің бірі ретінде аталды.

Түркі мемлекеттері ұйымы төрағалығын атқарған Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылғанына 15 жыл толған ұйым мүшелері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар беки түскенін айтты деп хабарлады Ақорда.

– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз "Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады, оған мүмкіндігіміз жетеді, – деп мәлімдеген Тоқаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу БРИКС-тен бас тартқан Астананы жазалауға көшті ме?Аймақта ықпалы артқан Түркі мемлекеттерінің ұйымы

Қазақстан президенті ұйымға мүше мемлекеттерді Орталық Азия елдері, Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ аймағы арқылы өтетін Орта дәліз әлеуетін пайдалануға үндеген.

– Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді, – деді ол.

Бұған қоса Қазақстан басшысы "түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажеттігін" айтқан.

Бішкектегі саммитте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркі елдері ортақ латын әліпбиін енгізбек, бірақ оған Қырғызстан әлі дайын емес. Неге?

Түркі мемлекеттері ұйымының 9-саммиті аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың арасында "Түркі әлемінің жасыл дамуы: орнықты келешектің бірлігі" туралы, Түркі әлемінің хартиясын қабылдау, Бішкек қаласын 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының цифрлық астанасы деп жариялау, "Түркі мемлекеттері ұйымының Тұрақты өкілдері жөніндегі ереже" және Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының тулары жөнінде шешімдер бар деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Саммитте "Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін" Венгрия премьері Виктор Орбан "Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен" марапатталды.

Кейінгі жылдары "Түркі әлемі" деген сөз тіркесі жиі қолданылып жүрген құрылым 2009 жылы өзара мәдени байланыстарды дамыту мақсатын көздейтін Түркі кеңесі деген атаумен дүниеге келген. Кейін әскери және саяси ынтымақтастық мәселелерін де қамтыған. 2021 жылы ол Түркі мемлекеттері ұйымына айналды. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия мүше. Ал Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие.

Ұйым төрағалығы биыл Қазақстаннан Қырғызстанға өтті.

Бұған дейін АҚШ-тың Diplomat басылымы түркі елдерін біріктіретін ұйым аймақта ықпалды бірлестікке айналғанын, ірі державалар бәсекеге түсіп жатқан шақта бұл ұйым стратегиялық автономияға ұмтылып жатыр деп жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан мен Өзбекстан Ресейдің қытығына тиді ме?