Зеленский Трамппен "керемет" әңгімелескенін хабарлады

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ-тағы президент сайлауына республикашылдар атынан түскен Дональд Трамп. Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2024 жыл.

Сәрсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін және оны Ақ үйге оралуымен құттықтағанын хабарлады.

Зеленский Трамппен "керемет" әңгімелескенін айтып, Трамптың сайлаудағы жеңісін "тарихи жеңіс" деп атады. Зеленскийдің сөзінше, ол Трамппен тығыз диалог және әріптестікті дамыту бойынша келіскен. Бұған қоса, АҚШ үшін "әділ бейбітшіліктің" маңызын да атап өткен.

Зеленский өзге де әлем жетекшілері тәрізді АҚШ-тағы президент сайлауының ресми нәтижесі жарияланбай жатып Трампты жеңісімен құттықтаған.

Трамп пен оның өкілдері Зеленскиймен әңгімеге түсініктеме берген жоқ.

Трамп 2019 жылы президент болып тұрған тұста Зеленскиймен телефонмен сөйлесіп, ізінше демократтар оны "Украина басшысынан саяси қарсыласы Джо Байденге қатысты компромат талап етті" деп айыптап, импичмент жариялаған. Биыл қыркүйекте Зеленский АҚШ-қа сапары кезінде Трамппен де кездесіп, оған "жеңіс жоспарын" таныстырған.

Бұрын Зеленский Украинадағы соғысты "қысқа уақыт аралығында аяқтаймын" деп мәлімдеген Трамптың сөзін сынап, Украина Ресейге жерін беруге келіспейді деген еді.

Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде Украина мен Ресей басшыларымен бірдей "жақсы қарым-қатынаста" екенін мәдімдеп, соғысты тез аяқтауға бірнеше рет уәде берген. Ол сонымен бірге Джо Байден әкімшілігін Украинадағы соғысты тоқтата алмады деп кінәлаған.

Трамптың Украинадағы соғысты аяқтау бойынша нақты жоспары бар-жоғы белгісіз. Ақпарат құралдары Трамптың кеңесшілері талқылаған түрлі идеялар туралы жазды. Бұл бойынша соңғы мақала The Wall Street басылымында жарық көрді.

Басылым дереккөздерге сүйене отырып, бұл жоспардағы негізгі пункт – соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтату екенін жазды. Оның бойында демилитаризацияланған аймақ құрылуы керек. Бірақ атысты тоқтату режимінің сақталатындығына кім кепілдік беретіні анық емес. Трамп штабының өкілдері Америка әскері немесе БҰҰ контингентін бітімгер ретінде қарастырмайды.

WSJ дереккөздерінің жазуынша, Трамптың әзірге соғысты бейбіт жолмен реттеу туралы нақты жоспары жоқ.

Украина Ресей өз әскерін украин жерінен әкетіп, басып алған аумақтарын қайтармайынша бейбіт келіссөзге оралмайтынын айтып келеді. Ал Ресей президенті Украина басып алынған төрт облыс пен аннексияланған Қырымнан бас тартпайынша бейбіт келіссөзді бастамайтынын айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин Трампты жеңісімен құттықтаған жоқ. Оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, АҚШ Ресей үшін "достық ниеттегі ел" саналмайды. Бұған дейін "Вёрстка" басылымы Путин өзінің айналасындағы адамдар арқылы Трампты бейресми түрде "құттықтағанын" жазған. Песков мұны жоққа шығарды.