Саяхат әлемі жайлы жазатын Lonely Planet халықаралық журналы Қазақстанды 2025 жылы баруға болатын ең үздік он елдің тізіміне қосты. Сайт Шымкенттің дәмді дастарханын, Айғай құмның ерекшелігін атап өткен. "Best in Travel-2025" рейтингіндегі он елді шолып шықтық. Бәлкім сіздің де саяхат жоспарыңызға қосылып қалар.
"Қазақстан – бұрын болмаған қызықты жайттар, әдемілікке толы табиғат, тарих мен мәдениет іздеген саяхатшыларға тапсырмас жер" дейді Lonely Planet.
Сайт саяхатшыларға Түркістан облысындағы Сайрам-Өгім ұлттық паркіндегі соқпақтар ұнайтынын айтады. Бұған қоса, Шымкентке барып, дәмді тағамдардан дәм татуға, Алматыдан Совет заманынан қалған мұраларды көруге шақырады.
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - Түркістан облысының Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы, Түркістаннан 280 шақырым жерде орналасқан ұлттық парк. Талас Алатауының сілемдерін, сондай-ақ Өгем, Қаржантау және Боралдайтау массивтерін қамтиды.
Lonely Planet Қазақстанда көшпенділер дизайымен жасалған мейрамханаларға барып, жылқы мен қойдың асылған етінен де дәм татуды ұсынады.
"Алтын Емел ұлттық паркіндегі Айғай құмға барып, құм мен желден шыққан гуілді естіп қайтыңыз" дейді сайты.
Қазақстаннан бөлек бұл рейтингіге қай елдер енген?
Сайт Литваның Шяуляя қаласының маңындағы Крестов тауына барып, 100 мың крест тұрған ескерткішті көруді ұсынады. Бұған қоса, Аукштайтия ұлттық паркіне қайықпен орман арасын аралауға болады.
Lonely Planet Арменияға барып, ЮНЕСКО мойындаған Гегард, Ахпат және Санаин, Агарцин монастрларын, 2000 жылдық тарихи бар Гарни храмын көруге шақырады.
Сайттың жазуынша, Африкадағы Камерунда Криби қаласынан әдемі сарқырамалар, ақ құмдар мен балықшылар өмірін көруге мүмкіндік бар. Ал ел астанасы Яундеде арт-деко мен Африканың модернистік архитектурасына куә боласыз. Кампо-Маан ұлттық паркінен гориллаларды, мандрилдерді, пілдерді көре аласыз.
2025 жылы Фиджи аралындағы (Тынық мұхитында) теңіз астындағы маржан жартастар, джунглилер мен биік таулардағы сарқырамалар "көруге тұрарлық" дейді Lonely Planet.
Ал Словакиядан Жоғарғы Татра тауын, "Словак жұмағы" ұлттық паркіндегі сарқырамаға, Красногорска үңгірі мен Добшинска мұзды үңгіріне баруға кеңес береді.
Азиядағы Лаос еліндегі Ванг Вьенг тауы мен өзеніне барып, велосипед теуіп, зиплайнинг, тюбинг, треккинг жасап, тауға өрмелеуге болады. Бұл елден Пха Тхат Луанг храмы мен Париждегі Триумф аркасына ұқсас Патусай аркасын көре аласыз. Луангпхабанг қаласында Куанг Си сарқырамасы да көруге тұрарлық.
Журнал Оңтүстік Америкадағы Парагвайдың Кармен-дель-Парана жағажайында күнге қыздынырып, Пантаналу өзенінің бойымен жүріп өтуге және футболдан Парагвай чемпионатындағы жанкүйерлердің ұранын тыңдауға шақырады.
Оңтүстік Америкаға жақын Тринидад және Тобого аралындағы Hadco Experiences Asa Wright паркінен құстар мен тасбақаларды көре аласыз. Пиджен-Пойнт жағажайында суға түсуге болады. Пария бұғазындағы сегіз бұрышты "Теңіздегі храм" (Temple in the Sea) да баруға болатын жер.
Lonely Planet сайты Тынық мұхитындағы Вануату аралынан Ясур жанартауынан лава атқылағанын көруге болады дейді. Бұған қоса, Вануатудан аквалангпен судың астына түсіп, батып кеткен кемелер мен маржан тастарды көре аласыз. Одан әрі Эфар аралындағы Меле сарқырамасына қайықпен жүзіп баруға мүмкіндік бар.