9 қарашада күндіз Ақтөбе облысы Мартөк ауданы Сарыжар ауылы маңында тікұшақ апатқа ұшырады. Бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаменті растады.
"Шамамен жарты сағат бұрын құлады. Тікұшақта үш адам болған: біреуі қаза болды, зардап шеккен екі адамды сол маңдағы ауруханаға апара жатыр" деді кезекші бөлімдегі қызметкер Азаттыққа күндізгі сағат 12:10 шамасында.
Қорғаныс министрлігі тікұшақ апатын растады, алайда ведомство ресми хабарламасында "апат" сөзін қолданбаған.
"Бүгін, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы Сарыарқа ауылының ауданында тікұшақтың қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әуе кемесі, болжам бойынша, ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі" деп жазылған хабарламада.
Облыстық төтенше жағдай департаменті жіберген суреттерде құтқарушылардың өртеніп жатқан тікұшақты сөндіріп жатқаны көрінеді.
Апатқа ұшыраған МИ - 8 тікұшақ бортында үш адам болған, біреуі қаза болған. Зардап шеккен екі адам ұшақпен Ақтөбедегі облыстық ауруханаға жеткізілген.
"Тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адамның жағдайы орташа ауыр, естерін біледі. Жансақтау бөлімінде жатыр" деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, тікұшақ бортында болған үш адамның біреуі 103 қызметінің көлігі келгенге дейін қайтыс болған.
“Ақтөбеде науқастарды әуежайдан екі жансақтау бригадасы күтіп алды. Күйік шалған екі науқас ауруханаға жеткізілді. Қазір зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр, диагностика жүргізілуде” деп жазылған
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонған.
“Авиациялық оқиғаның алдын-ала себебі - техникалық ақау. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде” деп жазылған ресми хабарламада.
Сарыжарда Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының аэродромы орналасқан. Институттың өзі Орталық Азияда ұшқыштар дайындайтын жалғыз оқу орны деп айтылады.