Бүгін, 9 қараша күні Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылынан Сығынды мүйісіне ("43-ші км" деп аталатын жер) дейінгі аралықта 137 өлі итбалық табылған. Облыста қырылған итбалықтардың саны бүгінде 700-ге жақындады.
Маңғыстау облысы бойынша балық қорғау инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Андрей Руцкий бұл ақпаратты растап, мониторинг кезінде тұрғындар анықтағанын хабарлады.
- Біз инспекторлар тобымен және комиссиямен бірге хабарлаған жерге барып, өзіміз де көрдік. Теңіз жағасына шығып қалған 137 итбалық тауып, акт толтырдық. Бұл қатты жел болған күндері - кейінгі екі күн бұрын шыққан өлекселер. Итбалық денелері қатты іріп кеткен. Тек бір итбалықта ғана балықшы ау құралдарының іздері байқалды. Мойнында жарақат белгілері бар. Қалғандарын сырттай қарау мүмкін емес, сынама алу да мүмкін емес, өйткені денелері қатты ыдырап кеткен, - дейді Руцкий.
Оның сөзінше, бүгінге дейін 533 итбалық жиналып, өртелген. Ал бүгін табылған 137 итбалықты қосқанда, барлығы 670 өлексе табылып отыр.
«Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсин “әлі де теңіз жағасына шығып жатқан болар, бүгінгі кешкі мәлімет осындай” деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маңғыстауда өлген итбалық саны 500-ден асты. Құс пен балық өлекселері де табылып жатырИтбалықтардың жаппай қырылу дерегі алғаш 24 қазанда тіркелген. Итбалықтың неден өлгенін анықтау үшін сынамалар бірнеше зертханаға жіберілген.
Осы аптада Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігі осы аптада жариялаған хабарламасында итбалықтардың қырылуына "теңіз ортасының ластануы, жұқпалы және вирустық аурулардың таралуы себеп болуы мүмкін" деп жазған.
"Өлі итбалықтардың жалпы санының 3%-ында балық аулау торларына ілініп қалу жағдайлары тіркелді. Итбалықтардың қырылу себептері туралы нақты деректер ұзақ уақыт алатын (3-4 ай) зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін белгілі болады" деп жазылған хабарламада.
Каспий теңізі жағасынан биыл сәуірде де итбалық өлекселері табылған. Ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 итбалық өлексесі табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет итбалық қыс мезгілінде бір уақытта өліп, содан бері өлксесі суда тұрған болуы мүмкін деп долбар жасаған.