Ресей президенті Владимир Путин сенбі күні Ресей мен Солтүстік Корея арасында жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты көздейтін келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл жөнінде "Интерфакс" хабарлады.
Келісімге биыл жазда Путиннің Солтүстік Кореяға сапары кезінде қол қойылған. Бірнеше күн бұрын оны федералдық жиын мақұлдады.
Келісімге сәйкес, тараптардың бірі қарулы басқыншылыққа ұшыраған жағдайда екінші жақ дереу әскери көмек береді. Тараптар сонымен бірге екі жақтың біріне қарсы бағытталған келісімді үшінші бір елмен жасамауға келісті.
Бұған қоса, "көпполярлы әлемдік тәртіпті" нығайту және шекарада ынтымақтастықты дамыту міндеттемелері де бекітілді.
Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, Украинадағы соғысқа қатысу үшін Солтүстік Кореядан Ресейге әскер жіберілген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен шамамен 8 мың солтүстіккореялық сарбаз Ресейдің Курск облысында екенін айтқан. Ақпаратқа қарағанда, Ресейге кемінде 10 мың солтүстіккореялық сарбаз жіберілген.
Украина барлау қызметінің тұжырымдауынша, Курск облысында украин күштері Солтүстік Корея жасағымен соғысқан. Алайда бұл бойынша тәуелсіз дереккөздерден ақпарат түскен жоқ.
НАТО Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастықтың кеңеюін айыптады. Альянстың мәлімдемесінде солтүстіккореялық әскерді Украинадағы соғысқа жөнелту жағдайды ушықтырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзатыны жазылған. Пхеньянның Украинаға басып кірген Мәскеуді қолдағанына халықаралық қауымдастық та алаңдап отырғаны атап көрсетілген.