Ресейдің Курск облысында Суджа қаласынан қоныс аударғандар митингіге шықты

Украина күштерінің бақылауындағы Суджа қаласы.

Ресейдің Курск облысында тамызда украин күштерінің шабуылына байланысты үйлерінен кетуге мәжбүр болған жүз шақты тұрғын жексенбі күні Курскідегі басты алаңға жиналып, жергілікті шенеуніктердің назарын өздерінің мәселелеріне аудартуға тырысты.

Митингіден видеоларды "Суджа Родная" және "Осторожно, новости" телеграм-арналары жариялады.

Жиналғандардың алдына жергілікті өзін-өзі басқару органымен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарма жетекшісі Анатолий Дроган шықты. Ол акцияның заңсыз екенін ескертті. Ол украин күштеріне шекарадан кесіп, Ресей жерін басып алуға жол бергендер "жазаланатынын" айтып, "кінәлілер ұсталды" деді.

"Билік жауды шекараға әкелген жоқ" деді Дроган.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, украин күштерінің Курскіге кіруіне қатысты ұстау болғаны жөнінде бұрын хабарланбаған.

Ал наразылар шекарада "әскери борышын өтегендер автоматпен" қорғап тұрды деп "генералдарды" жазалау керектігін айтқан. Бұған қоса олар соғыс жүріп жатқанын ресми түрде мойындауды да талап еткен. Ресей билігі үш жылдан бері соғысты "арнайы әскери операция" деумен келеді.

  • Украина әскері Ресейдің Курск облысына 6 тамызда кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина күштері аудан орталығы Суджаны бақылауда ұстап тұр. Аймақта федералдық масштабта төтенше жағдай жарияланған.
  • Ресми мәлімет бойынша, шайқас жүріп жатқан Суджа, Глушков, Коренев аудандарынан 110 мыңнан астам адам басқа жаққа қоныс аударған. Олар баспана жағдайы және жәрдемақы алудағы қиындықтарға шағымданып келеді.