Араға төрт жыл салып АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамп 7 қарашада Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады. Бұл туралы 10 қарашада осы жағдайдан хабардар дереккөздерге сүйеніп The Washington Post газеті жазды.
Газеттің ақпаратынша, Трамп жағдай одан әрі өршіп кетпес үшін Путинді шара қабылдауға шақырған, оған "Вашингтонның Еуропадағы әскери күші" туралы ескерткен.
6 қарашада Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлескен, ол Киевті қолдайтынын айтқан деп жазды Reuters агенттігі.
Сайлау науқаны кезінде Трамп президент болып қайта сайланса, соғысты дереу аяқтауға бірнеше рет уәде берген. Алайда республикалық партиядан сайлауға түскен саясаткер қандай қадам жасайтынын нақты айтпады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Мәскеу. Кремль. Путин" бағдарламасының авторы және жүргізушісі Павел Зарубинге берген сұхбатында Трамп сайлау науқаны кезінде "кем дегенде бейбітшілік туралы айтты" деп мәлімдеді. "Ол Ресейге стратегиялық жеңіліс жасағысы келетіні туралы айтпайды, бұл оны қазіргі [АҚШ] әкімшілігінен жақсы ажыратады", – деген Песков сөзін "Интерфакс" жариялады.
7 қарашада Валдай форумындағы баспасөз мәслихатында Владимир Путин Дональд Трампты АҚШ президенті болып сайланғанымен құттықтады. Путин оны "батыл адам" деп атап, оған қоңырау шалуға қарсы емесін айтты. Оның алдында Путин Трамптың сайлаудағы жеңісі туралы айтпаған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин Трампты құттықтағысы келе ме, жоқ па дегенді білмеймін деп айтқан. "Бізге қарсы соғысқа тікелей және жанама түрде қатысып отырған мемлекет туралы айтып жатқаныңызды ұмытпаңыздар", – деген еді Кремльдің баспасөз хатшысы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинадағы соғысты дереу тоқтатам деді. Бұл мүмкін бе?