Трамп Помпео мен Хейлиді әкімшілігіне алмайды

АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп (оң жақта) пен АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі болған Никки Хейли, 2018 жыл.

АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамп бірінші мерзімінде жоғары лауазымда істеген Республикалық партияның танымал екі өкілі – Никки Хейли мен Майк Помпеоны жаңа әкімшілігіне шақыруға ниеті жоқ. Бұл туралы Трамп Truth әлеуметтік желісінде жазды. Бірқатар басылым Хейли мен Помпео әкімшіліктің жаңа құрамында болуы мүмкін деп топшылаған.

"Бұрынғы елші Никки Хейли мен бұрынғы мемлекеттік хатшы Майк Помпеоны қазір құрылып жатқан Трамп әкімшілігінің мүшесі болуға шақырмаймын", – деп жазды қайта сайланған президент. Трамп олармен жұмыс істегеніне қуанышты екенін, оларға "елге қызмет еткені" үшін алғыс айтқан.

Никки Хейли Трамптың бірінші президенттік мерзімінде АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі, ал Помпео Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры, кейін мемлекеттік хатшы болды.

Хейли 2024 жылғы сайлауда Республикалық партиядан президенттікке кандидат болуда Трамптың басты бәсекелесі болды, праймериз кезінде оны қатты сынға алды, мысалы, сыртқы саяси мәселелер бойынша Трампты Ресей президенті Владимир Путинге тым жұмсақ болды деп айыптады. Праймеризде ол барлық дерлік штатта Трамптан жеңіліп, қарашада сайлау алдында оның кандидатурасын қолдады.

Помпео Трампқа іштарта сөйледі, алайда ол АҚШ-тың Ресейге қатаң саясат ұстануын қолдайды. Трамптың өзі Путинмен "тіл табысқысы" келетінін айтқан. БАҚ Помпеоның кандидатурасын Трамп қорғаныс министрі қызметіне қарастыруы мүмкін деп жазған.

Трамптың сайлау науқанының жетекшісі Сьюзан Уайлз Ақ үй аппаратын басқаратыны бұған дейін белгілі болды. Трамп сайлау науқанында маңызды рөл атқарған миллиардер Илон Маск пен өзін қолдаған бұрынғы демократ кіші Роберт Кеннедиді әкімшілігіне алуы мүмкін екенін көпшілік алдында айтқан.

2020 жылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болып тұрған шақта Майк Помпео Қазақстанға бір күндік ресми сапармен келіп, барлық елді Қытайдағы "қуғын-сүргінді тоқтатуға" шақырып, "туыстарымыз қайта тәрбиелеу лагерьлерінде отыр" деген қазақтармен кездескен.