Ливаннан Израильдің Хайфа қаласына 90-нан аса зымыран атылды

Израильдің солтүстігіндегі Хайфа қаласы аспанында ұшқан зымырандар. Архивтегі сурет.

11 қарашада Ливаннан Израильдің солтүстігіндегі Хайфа мен маңындағы қалаға 90-нан аса зымыран ұшырылды.

Израиль армиясының баспасөз қызметі зымыранның басым бөлігін әуе қорғаныс жүйесі атып түсірді деп хабарлады. Алайда жергілікті ақпарат құралдары төтенше жағдайлар қызметі дерегіне сүйеніп, шабуыл салдарынан Хайфа мен оның маңындағы қалада үйлер мен көліктер бүлінді деп жазды. Төрт адам жараланған, олардың арасында 17 жастағы жеткіншек бар.

Израиль сарбаздары зымыран тасығыш қай жерде орналасқанын тауып, оны әскери дрондармен жойып жібердік деп мәлімдеді.

Еурпалық бірқатар әуекомпания, соның ішінде Lufthansa, Austrian Airlines, Swissair және Eurowings Израильге қатынайтын ұшақ рейстеріне салынған уақытша тыйым кемі 15 желтоқсанға дейін жалғасады деп хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Ливан аумағына әскерін кіргізіп, операция бастады

Былтыр қазанда Газаны бақылайтын ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан басып кіріп, мыңнан астам адамды өлтіріп, 200-ден астамын өздерімен бірге Газаға күштеп алып кеткен. Бұған жауап ретінде Израиль Палестинаның Газа аймағында арнайы операция бастаған. ХАМАС-ты АҚШ пен Еуропа Одағы террористік ұйым деп таныған. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бір жылда Израиль операциясынан 42 мыңға жуық палестиналық қаза тапты деп мәлімдеді.

Ливанда орналасқан "Хезболла" радикал тобы ХАМАС тобын қолдап, Израильге шабуылын күшейткен. Бұған қарымта ретінде Израиль Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы әскери операция бастады.

АҚШ пен Израиль "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. Ливандағы ықпалды топты Иран қолдап отыр.

Биыл қазанда Таяу Шығыстағы шиеленіс ушығуына байланысты Ливандағы Қазақстан азаматтары мен олардың жақындары елге эвакуацияланған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі операция Стамбұл (Түркия) және Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері) қалалары арқылы ұйымдастырылды деді. 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейрут қаласынан Астана мен Алматыға 41 адам ұшақпен жеткізілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Газадағы соғыс Орталық Азияның қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?