Әзербайжанда БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясы басталды

11 қарашада Бакуде БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі 29-конференциясы (COP29) басталды. Ұйымдастырушылар іс-шараға әлемнің 200 елінен 67 мыңға жуық адам қатысады деп хабарлаған. Олар ғаламдық жылынумен күрес және Париж келісімі міндеттерін орындау жайын талқылайды.

Шараға қатысатындар 15 жылда алғаш рет климат туралы бағдарламаларды қаржыландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күресте дамушы елдерді қолдау мәселесін қарастырмақ. Чехияның премьер-министрі Петр Фиала дамушы елдерге жыл сайынғы көмек пакеті 100 миллиард доллар екенін еске салды.

Батыс елдері 2009 жылы дамушы елдер климатына жыл сайын 100 миллиард доллар бөлуге уәде берген еді, бірақ бұл мақсатқа 2020 жылы қол жеткізді. Дамушы мемлекеттер мұны жеткіліксіз деп санайды, олар дамыған елдер осы мәселеге кірісіп, қаржы көлемін екі есе арттыруға көмектесуі керек деп есептейді.

Екінші басты мәселе – 2015 жылғы климат жөніндегі Париж келісімінің 6-бабына ережелер әзірлеуді аяқтау. Бұл ауаға тарайтын зиян газдарды азайтқан елдерге көміртегі квотасын сатып, ақша табуға мүмкіндік береді. Көміртегі квотасы адам іс-әрекетінің климатқа теріс әсерін шектеудің бір жолы деп саналады.

Қарашаның басында COP29 аясында Бакуде әлем елдеріндегі діни басшылардың ғаламдық саммиті өтті. Саммит қорытындысы бойынша Баку декларациясы қабылданды. Онда мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және діни басшыларды климат өзгеруіне қарсы күреске белсенді қатысуға, конфессияаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, климат жөніндегі Париж келісімі мақсаттарына жету жолында жұмыс істеуге шақырады.

БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясы өтетін орынды көптеген экобелсенді мен азаматтық белсенді сынға алған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Әзербайжан билігі экология мәселесін айтатындарды қудалайды, ал елде жүздеген саяси тұтқын бар деп мәлімдеді.

Грузияға оппозиция наразылықтары болып жатқан кезде барған танымал швед экобелсендісі Грета Тунберг 11 қарашада Тбилиси орталығында COP29-ға қарсы наразылық білдірді.

Баку мұндай мәлімдемелер мен өзіне айтылған сындарды жала жабу деп атайды.

Ақпарат құралдары Иран президенті Масуд Пезешкианның конференцияға қатысудан бас тартқанына назар аударды. Иран басшысы алдымен Бакудегі іс-шараға қатысатынын айтқан, бірақ кейін бармайтын болды. Кей журналист Пезешкиан шешімі президент Ицхак Герцог бастаған Израиль делегациясының COP29 жұмысына араласуымен байланыстырады.

11 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев климат саммитіне қатыcуға Бакуге барды. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев сапар кезінде өзге мемлекеттердің басшыларымен, халықаралық ұйымдар жетекшілерімен және бизнес-құрылым өкілдерімен кездеседі.