Тәжікстанда Польшадан депортацияланған оппозициялық белсенді Фаррух Икромов 23 жылға бостандығынан айырылған. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.
Польшада орналасқан Тәжікстандағы саяси тұтқындарды құтқару жөніндегі азаматтық комитет басшысы Абдусаттор Бобоев өткен айда Икромовты Душанбедегі тергеу изоляторынан түрмеге ауыстырды деп айтты.
Бұл ақпаратты Еуропада тұратын азаматтық белсенді Саидисхок Бобоев Азаттықтың Тәжік қызметіне растады. Оның сөзінше, "жақында Тәжікстанда қамаудан босатылған адам" белсендіні тергеу изоляторында және түрмеге ауысып жатқан кезде көрген. Икромов 23 жылға бостандығынан айырылғанын туыстарына жеткізуді өтінген.
Азаттықтың Тәжік қызметі Икромовтың туыстары Тәжікстаннан тыс жерде тұрады, сот шешімі туралы ештеңе білмейді деп жазды.
Тәжікстан ресми орындары Фаррух Икромовқа үкім шыққаны туралы хабарлаған жоқ.
36 жастағы Икромов Еуропада әйелі және екі баласымен бірге тұрған. Сәуірде оны Польшадан депортациялады. Поляк билігі оның пана сұраған өтінішін қанағаттандырмады, кейін ол Германияға кеткен, бірақ оны Польшаға кері қайтарып, заңсыз мигранттар лагеріне қамады.
Тәжік оппозициясының өкілдері Икромов 2023 жылғы қыркүйекте Германияға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон барған кезде наразылық акциясына қатысқандар қатарында болған деп айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжік билігі Берлиндегі акция үшін белсенділердің туыстарын жарықсыз қалдырдыТәжік диссиденттері бұған дейін Еуропа елдері саяси қудалауға байланысты елден кеткендерге қауіпсіз болмай бара жатыр деп мәлімдеген. Олар өз серіктерін Австриядан, Германиядан, Литвадан және басқа елдерден депортациялау жиілегеніне байланысты осындай қорытындыға келген. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Еуроодақ елдерінің мұндай әрекетін қатты сынға алған.
Өткен аптада Германия Тәжікстанға 40 жастағы оппозициялық белсенді Дилмурод Эргашевті депортациялады, куәлердің айтуынша, ол Душанбе әуежайында ұсталған. Депортацияланғанға дейін Эргашев өзіне қол жұмсамақ болған.
Венада орналасқан Freedom for Eurasia тобының жетекшісі Лейла Назгүл Сейітбек Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына Дилмурод Эргашевтің ісін қарау және оның Тәжікстаннан оралуына көмектесу туралы өтініш жіберілді деп айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркия Орталық Азиядан қашқан белсенділер үшін қауіпсіз ел болмай қалды