Белсенді Абзал Достияров Amanat партиясынан халықтан кешірім сұрауын талап етті

Белсенді Абзал Достияров (оң жақта) хатын Amanat партиясының өкілі Гүлсара Мәдибековаға тапсырып тұр. Алматы, 12 қараша, 2024 жыл.

Алматылық азаматтық белсенді Абзал Достияров Amanat партиясының кеңсесіне барып, халықтан кешірім сұрауын талап етті. Белсенді Amanat-ты 20 жылдан аса билікте болған "Нұр Отан" партиясының мұрагері деп есептейді.

Достияров "Нұр Отан" партиясы билікте отырған тұста елде болған әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан бастап оппозиция саясаткерлерінің қазасына дейінгі барлық мәселеге жауапты деп біледі.

– Қаңтардан кейін Алтынбек Сәрсенбайұлына да, Заманбек Нұрқаділовке де көзқарас өзгерді. Қазіргі билік көзқарасы өзгеріп, біреуіне ауылындағы мектепке есімін берді. Әрине, оның деңгейі жеткілікті емес. Алматыда былтыр Нұрқаділовтің асын берді. Оған президент әкімшілігінен адамдар, мәжіліс депутаттары келді. Демек, екеуіне де көзқарас өзгерді. Сол үшін "Нұр Отанның" кезінде өлген адамдар үшін де кешірім сұрауы керек. Өйткені кінәлі деп ойлаймын. Елдегі бүкіл келеңсіздікке "Нұр Отан" партиясы жауапты. Оның мирасқоры Amanat сол үшін өзінің арылу процесін жасауы керек, – деді Абзал Достияров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев ықпалдан айырылған соң "Нұр Отан" қатарынан шығушы көбейді

Amanat партиясының кеңсесіндегі адамдар белсендінің хатын қабылдап алды. Партия өкілі Гүлсара Мәдибекова хатқа 15 күн ішінде жауап беріледі деді.

– [Amanat партиясының басшылығы] тікелей жауап қайтарады, – деді Мәдибекова.

Белсенді Абзал Достияровтың сөзінше, 7 қазанда ол Amanat партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ринат Зайытовпен АЭС құрылысына байланысты "Политон" YouTube-арнасында дебат өткізген. Достияров Зайытовтан "Amanat партиясы "Нұр Отанның" мұрагері ретінде халықтан кешірім сұрауы керек пе?" деп сұраған. Депутат барлық сұрақты жазбаша жолдау керек деп айтқан.

Бүкіл Қазақстанды шарпыған, 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін, 1 наурызда "Нұр Отан" партиясының атауы Amanat болып өзгерген. Қаңтар оқиғасынан кейін елде биліктегі "Нұр Отан" партиясына сын күшейген. Партияның атауын өзгертуді мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ұсынған, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысты қолдаған.

"Нұр Отан" бастапқыда 1999 жылы "Отан" деген атпен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабының негізінде құрылған. 2006 жылы желтоқсанда партия атауы "Нұр Отан" болып өзгертілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нұр Отан" партиясының 20 жылдағы эволюциясы