Башқұртстанда "татар халқының жасырылған тарихы" кітабын сақтаған директорға айыппұл салынды

Вахит Имамов

Башқұртстан соты Верхнеяркеево ауылындағы мектептің директоры Светлана Хакимованы "экстремистік материал таратты" деп танып, 2 мың рубль көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде "Idel.Реалии" сайты жазды.

Сот құжаттарына қарағанда Верхнеяркеево ауылындағы мектептің кітапханасында Вахит Имамовтың 1994 жылы жарық көрген "Татар халқының жасырылған тарихы" (Татар халқының XVI-XVIII ғасырда тәуелсіз мемлекет құру жолында жүргізген ұлт-азаттық күресі) атты кітабы сақталған. Бұл кітапты Татарстанның Жоғарғы соты 2020 жылы "экстремистік материалдардың" тізіміне енгізген.

Имамовтың кітабы кітапханадағы сөреде тұрған, сол себепті сот мұны "экстремистік материал тарату" әрекеті деп бағалаған.

Светлана Хакимова сотқа қатыспаған және өзін қатыстырмай өткізе беруді сұраған. Сот оның "ұзақ жылдардан бергі Башқұртстанның білім саласына қосқан едәуір үлесі мен еңбегін" "жазаны жұмсартатын жайт" деп таныған. Хакимованың қорғаушысы соттан жауапкерге ескерту беруді сұраған, алайда сот өтінішін орындамаған.

"Татар халқының жасырылған тарихы" кітабы әлем бойынша 12 тілге аударылған. Кітап авторы Вахит Имамов бұған дейін 2019 жылы Решитский есімді біреу кітапты "экстремистік материалдар" қатарына жатқызуды сұрап, сотқа арыз түсіргенін айтқан. Решитский арызда кітапта "діни немесе ұлтараздық алауыздық қоздыратын ақпарат және Татарстанды Ресейдің құрамынан шығаруға үндейтін шақырулар барын" жазған.

"Кітап 26 жыл бұрын жазылған және тарихи фактілерді қамтиды" деген еді 2020 жылы Имамов. Оның сөзінше, бұл цитатаны тарихшы Михаил Худяков айтқан.

Имамовтың өзі сол кезде сотқа қатыстырылмады: сот пандемия кезінде болғандықтан ер адам сотқа маска тағып келген, бірақ сот қызметкерлері оны қолғабы болмағаны үшін залға кіргізбеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тіліміз жойылудың алдында тұр". Қырым татарларының жетекшісімен сұхбат