Атырау облысында Kazakh Construction Group жұмысшылары басшылыққа талап қойды

Kazakh construction group компаниясының жұмысшылары президентке үндеу жолдап тұр. Атырау облысы 11 қараша 2024 жыл.

Атырау облысы Мақат ауданы Ескене елді мекеніндегі газ өңдеу зауытының жұмысшылары басшылыққа бірнеше талап қойып отыр. Олар жалақыны өсіруді, вахта мерзімін 30 күннен 15 күнге дейін қысқартуды, арнайы киіммен қамтамасыз етуді, басшылық құрамын ауыстыруды және жұмыстан шығарылған қызметкерлерді жұмысқа қайта алуды талап етті. Жұмысшылар бірнеше күн бұрын президентке видеомәлімдеме жолдаған.

Азаттық хабарласқан Ескенедегі газ өңдеу зауытының жұмысшыларының бірі бұл мәселелер бірнеше рет көтеріліп отырғанын айтты. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жұмысшы қудалауға ұшыраймын ба деп қорқады. Оның сөзінше, ең негізгі екі талап - 30 күндік жұмыс күнін (вахтаны) 15 күнге қысқартып, жұмысқа арналған арнайы маман киімдерімен қамту.

– Киімдеріміз жыртылған, аяқ киіміміз тозған, ал жаңаларын бермей жатыр. Басында екі арнайы киім береміз деп уәде берді. Енді мәселе шешілгендей болды. Басшылық 3-4 күн уақыт сұрап отыр. Күтеміз. Шешілмесе, тағы талап етеміз, – дейді жұмысшы 12 қараша кешке.

Жұмысшылар 11 қараша күнгі президентке бағыттаған видеоүндеуінде зауыт басшыларының кәсіпорындағы мәселелерді айтқан жұмысшыларды қудалап жатқанын да айтқан.

– Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үндеу жолдаймыз. Біздің қояр талабымыз – Ескене газ өңдеу зауытына арнайы комиссия жіберуіңізді сұраймыз, – дейді жұмысшылар.

Олар Мақат ауданының әкімі мен депутаттарын Kazakh Construction Group басшыларымен бірлесіп, заңсыз әрекеттерге жол берді, зауыттың құрылысы аяқталу пайызын жалған мәліметтермен көрсетіп, халық пен жұмысшыларды алдап отыр" деп айыптаған. Олардың сөзінше, зауыттағы мәселелерді айтқан жұмысшылар қудалауға ұшырайды. 5 қазан күнгі жиында басшылық бірқатар қызметкерлерді жұмыстан шығаруға уәде берген, бірақ орындамаған.

Видеода кемінде ондаған жұмысшы көрінеді.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілі Кемел Иманғалиев Kazakh Construction Group жұмысшыларының жоғарыда айтылған талаптарды айтып отырғанын растады.

- Қазіргі уақытта біз мұнда жұмыс істеп, қызметкерлерді жұмыстан шығарудың себептерін зерттеп, басшылардың дипломдарын, білімі мен біліктілігін, құжаттарын тексеріп жатырмыз. Бүгінгі күні жұмысшылар өз жұмыс орындарында, міндеттерін орындап жатыр, ал мәлімдеме олар тарапынан үзіліс кезінде жасалды, — деді Иманғалиев.

Ал компанияның жетекшісі Мақсат Қадырқұлов кәсіпорында жалақы, арнайы киім мәселесі барын жоққа шығарды. Ол "компанияда істейтін 1500 адамның 1000-ы - жергілікті тұрғындар. Жұмыс істегісі келмейтін бес-алты жұмысшыны жұмыстан шығарып жіберген, солардың достары ғой интрига жасап жатқан" деді. Оның сөзінше, 1500 адамның 50 шақтысы талап айтқан. Оның айтуынша, компанияда жалақы, арнайы киім мәселесі жоқ.

"Жұмысшылар арасында сауалнама жүргізген кезде басым бөлігі 28/28 вахта әдісіне келісіп отыр" деді ол.

Компания жетекшісі сөз арасында "талап қойған жұмысшыларды құзырлы органдарға бергенін" де айтты.

«Kazakh Construction Group» Атырау облысы Мақат ауданында «Қашаған» кен орнының газ өңдеу зауыты құрылысын жүзеге асыратын оператор - GPC Investment» компаниясының бас мердігері. 2022 жылдың маусым айында GPC Investment 100% акциялары «ҚазТрансГазға» өтті.

Газ өңдеу зауыты «Болашақ» мұнай кешенінен 60 км жерде, Атырау қаласынан алыста орналасқан.

Жалақы өсіру, вахта кестесін өзгерту және жұмысқа жергілікті тұрғындарды алу талабы бұрыннан айтылып келеді. Былтыр күзде де осы мәселе көтерілді.