Қаңтар кезінде адам азаптады деп айыпталған полиция қызметкеріне шектеу жазасы берілді

Қаңтар кезіндегі азаптаулар туралы иллюстрация.

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған адамды бөлімшеде азаптады (146-бап) деп айыпталған полиция қызметкерінің бостандығы 2 жыл 6 айға шектелді. Бұл жөнінде Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады. Сот сонымен бірге айыпталушыны арнайы атақтарынан айырып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырған. Үкім күшіне енген.

Прокуратураның дерегінше, айыпталушы полицей 2022 жылы 8 қаңтарда Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілген бір азаматты азаптаған.

"Полиция қызметкерінің заңсыз әрекетінің салдарынан жәбірленуші азап шеккен" деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеген деп айтылады.

Прокуратураның мәлімдеуінше, айыпталушы полиция қызметкері өзіне тағылған айыптардың барлығын мойындап "процестік келісім" жасасқан.

Кемінде 238 адам өлген, Қазақстанның қазіргі тарихындағы ең қанды оқиға - Қаңтар кезінде ұсталған жүздеген адам өздерінің азапталғанын айтқан. Алайда құқық қорғаушылардың дерегінше, азаптауға қатысты шағымдардың көбі "дәлел болмағандықтан" жабылып қалған. Қазан айында Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік ұйымы (IPHR) мен Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюро Қазақстан билігінің екі жарым жылдан астам уақыт бойы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеуден бас тартып отырғанына алаңдайтынын білдірген.

2024 жылғы қаңтардағы ресми ақпаратқа сәйкес, құқық қорғау органдарының 34 қызметкері Қаңтар оқиғасына байланысты азаптаулар мен басқа да істер бойынша сотталған. Содан бері тағы бірнеше айыптау үкімі шықты, әлі жалғасып жатқан сот істері бар. Қаңтарда ұсталғандардың қатыгездік көргені туралы жүздеген шағым барына қарамастан, пропорционал түрде алғанда, жазаға тартылғандар саны аз деді халықаралық ұйымдар.