Жаңаөзенде “Өзенмұнайгазға” қарасты “Бұрғылау жұмыстары басқармасы” жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр.
Олар басшылыққа бес талап қойып отыр: ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алу, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу, Ұжымдық шартта 2013 дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтару, машинистер мен операторлардың дәрежесін көтеру, 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізу. Ереуіл 12 қараша кешке басталған.
Бір күн бұрын оларға прокуратура және Жаңаөзен әкімі мен орынбасары, ӨМГ компаниясының басшылары келіп кеткен. Олар ереуілдің заңсыз екенін ескерткен, бірақ мәселені шешу жөнінде ештеңе демеген. Жұмысшылар оның нәтижесіне көңілдері толмай отыр.
14 қарашада Еділов телеграм-арнасында “Өзенмұнайгаз” басшылығының жұмысшылардың талабына қатысты жауабы жарияланды. ӨМГ “Жаңаөзен қаласы бойынша жұмыссыздар мен зейнеткерлердің балалары 50/50 пропорциясы арқылы қабылданады, ал дербес еңбекақы төлеу жүйесіне өту жұмыстары жүріп жатыр” деп мәлімдеген. Мысалы, бес талаптың бірі - жұмысшылардың 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық келісімшартқа енгізу туралы талапқа ӨМГ басшысы Жанболат Саймағанбетов былай жауап берген:
"Қосымша ақы белгілеу мәселесі ҚР Еңбек кодексінің 111-бабының талаптарымен реттеледі, яғни қосымша ақы бір ұйымда, еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған жұмысшының міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын жұмысшыларға қазіргі уақытта жүргізіліп отыр".
Ал жұмысшылармен кәсіподақ өкілдері жоғарыда айтылған талаптар іс жүзінде орындалмай отыр дейді.
"Айталық, әр жүргізуші тек машинаны жүргізуі керек. Ал артындағы қосымша жұмысқа жұмысшы алуы керек. Ал бізде екі жұмысты бір адамға жүктеп қойған. 30% деген ол екінші адам алмайтын болса, екінші адамның жалақысын сол жүргізушінің жалақысына қос деп отырмыз" дейді ереуілшілердің бірі Ғазиз Махамбетов 15 қарашада Азаттыққа.
Жұмысшылар табыс салығы мен жарна төлеу жүйесі де дұрыс жүзеге аспай отырғанын айтып отыр.
“Негізі бізбен мәселені шешетін ҚМГ басшылары мен Астанадан жауапты тұлғалар келуі керек” дейді ереуілшілердің бірі Ғазиз Махамбетов Азаттыққа.
2011 жылғы мұнайшылар ереуілінен кейін құрылған "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясында жұмысшылардың сөзінше, мың шақты адам істейді.