Астанада жеке тұрғын үйдегі өрттен төрт бала қаза болды

Астанада өрт шыққан екі қабатты жеке үй. Астана қаласының төтенше жағдай департаменті таратқан сурет. 17 қараша 2024 жыл.

Бүгін таңертең Астанада екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, соның салдарынан төрт бала мерт болды деп хабарлады жергілікті төтенше жағдай департаменті.

“Құтқарушылар хабарлама келіп түскеннен кейін 6 минутта жеткенде ашық жанып жатқанын байқаған. Өрт 500 шаршы метр алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілді. Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза болды” деп жазылған хабарламада.

Ресми ақпаратқа қарағанда, тұғын үйдің төбесі өртеніп, жартылай құлаған. Екі қабатты тұрғын үйде екі отбасы тұрған деп айтылады. Жергілікті әкімдік оларға көмектесуге уәде берген.

Өрттің себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қаза болған балалардың жақындарына психолог және өзге де мамандар көмектесіп жатыр.

Қазақстанда балалардың өрттен қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Қазан айында Қостанай облысы Жітіқара қаласында өрт орнынан бес бала өлі күйде табылған. Ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала қаза болған. Оның алдында да осыған ұқсас қайғылы оқиғалар болған.