Bloomberg: Солтүстік Корея Ресейге 100 мыңға жуық сарбаз жіберуі мүмкін

Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқан Ресейге көмектесу үшін 100 мыңға дейін сарбаз жіберуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі "Үлкен жиырмалық" (G20) елдеріндегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.

Агенттік сөйлескен дереккөздердің айтуынша, бұл мәлімет – алдын ала есеп бойынша жасалған болжам, ақпарат алда расталса да, 100 мың сарбаз бір уақытта жіберілмейді.

Бұған дейін Украинаның Оңтүстік Кореядағы елшісі Дмитрий Пономаренко "Америка дауысының" Оңтүстік Корея қызметімен сөйлескенде осы шамалас сарбаз саны туралы айтқан. Елші Ресейдің Курск облысындағы Солтүстік Кореяның 15 мың сарбазы ай сайын ауысып отырады деген.

Жақында Ресей мен Солтүстік Корея екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялады. Оған сәйкес, тараптардың біріне қарулы шабуыл жасалған жағдайда екіншісі дереу әскери және өзге де көмек көрсетуге міндетті. Тараптар сондай-ақ бір-біріне қарсы бағыттағы үшінші елдермен келісім жасамауға және өз аумағын екінші тараптың егемендігін бұзуға пайдалануға жол бермеуге келіскен.

АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея қауіпсіздік саласында үшжақты әріптестік жөніндегі хатшылық құратынын мәлімдеді. Лимадағы саммитте үш мемлекет басшысы Солтүстік Корея мен Ресейдің Украинадағы соғысты "кеңейту" шешімін айыптады.

НАТО Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери әріптестік ұлғайып жатқанын айыптап, Пхеньянның сарбаз жіберуі жағдайды ушықтыруы мүмкін және бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына қайшы деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Курскіні кескілескен шайқас күтіп тұр. Солтүстік Корея "әскерилері соғысқа араласты"