Төрт бала опат болған Астанадағы жеке үйдегі өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде қаланың төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Тергеу қорытындысы тексеру аяқталғаннан кейін айтылады.
"Балалар қазасына әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылуына байланысты жеке екі қабатты үйде болған өрт бойынша төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі "Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" бабы (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғады" делінген баспасөз хабарламасында.
17 қараша таңертең Астанадағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұмды. Өрт кезінде үйдің шатыры жартылай құлаған. Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті балалардың жақындарына психологтар көмектесіп жатыр деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңатастағы өрттен мерт болған бес баланы Үшаралға жерледі2019 жылы ақпанда Астананың шетіндегі Көктал-1 елді мекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмған. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен.
Осы оқиғадан кейін астаналық көп балалы әйелдер жиналып, билікке бірнеше талап қойған. Олардың негізгі талабы көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және шаңырақтағы әр балаға ай сайын жәрдемақы төлеу болды. Кейін көп балалы әйелдер наразылығы Алматы, Шымкент, Ақтөбе және басқа аймақтарда жалғасты.
Қыс түскен сайын Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. Биыл қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған. Ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала көз жұмған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бес қыздың қазасына екі жыл. Елді мұңайтқан қайғылы оқиғаны еске алсақ