Түркия президенті Режеп Ердоған Украинадағы соғысты тоқтата тұру жоспарын дайындады, оны 18 қарашада Рио-де-Жанейродағы G20 саммитінде таныстыруды жоспарлап отыр. Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сүйеніп осылай деп хабарлады.
Агенттік сөйлескен адамдардың айтуынша, Ердоған Украина президенті Владимир Зеленскийге НАТО-ға қосылуды "Путинге жеңілдік ретінде" кем дегенде 10 жылға кейінге шегеруді ұсынып көрмек. Бұдан бөлек, Донбасстың шығысында демилитаризацияланған аймақ құрып, ол жерге "қосымша кепілдік ретінде" халықаралық әскер қоюды ұсынбақ. Ердоған жоспарының тағы бір бөлігіне сәйкес, Украина НАТО-ға кірмеуге келіссе, оған өтемақы ретінде әскери тауар жеткізуге кепілдік берілуі керек.
Түрік шенеуніктері Bloomberg агенттігіне мұндай ұсынысты қабылдау Украинаға қиын болады деген, бірақ олар мұны "ең шынайы тәсіл" деп санайды. Олар шабуылды тоқтатуға назар аудару үшін Ресей әскері басып алған аумақтардың тағдыры жөнінде келіссөзді кейінге қалдырғысы келеді.
Bloomberg бұл ұсыныс Украинаның кейбір одақтасына ұнауы мүмкін, олар Киевтің НАТО-ға қосылуы Кремльмен тікелей қақтығысқа әкеледі деп алаңдайды деп жазды.
Ердоған Зеленскийді Стамбұлдағы бейбіт келіссөзге қатысуға көндіруден үмітті, себебі барлау мәліметтеріне сәйкес, соғыс тоқтамаса, Украина алдағы айларда көптеген жерінен айырылып қалуы мүмкін.
Еуропалық екі шенеуніктің Bloomberg агенттігіне айтуынша, көптеген адам Зеленскийді Путинмен ымыраға келуге мәжбүр болады деп топшылап отыр, өйткені тараптардың ешқайсысы шешуші жеңіске жете алмайтыны белгілі бола түскен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Bloomberg: Солтүстік Корея Ресейге 100 мыңға жуық сарбаз жіберуі мүмкінСолтүстік Корея сарбаздары Ресей күштеріне қосылып жатыр деген сәттен бастап соғысты тоқтату ниеті артып келеді. G20-ға қатысатын кейбір елдің бағалауы бойынша, Солтүстік Корея Ресейге 100 мыңға жуық сарбаз жіберуі мүмкін.
Владимир Зеленский бұған дейін Путинге "жеңілдік беру" Украина үшін өрескел шешім, Еуропа үшін де өзіне қол жұмсаумен пара-пар болады деп мәлімдеген. Ол Еуропадағы кейбір басшы тұлғалар Киевтің осындай қадамға барғанын "қатты" қолдайды деп мойындады.
Украина мен Ресей президенттері Ердоған ұсынысын айтқалы отырған G20 саммитіне қатыспайды. Bloomberg мәліметінше, Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Зеленскийдің шақырту жайлы жасаған өтінішін елеусіз қалдырған. Путин бұған дейін бұл шараны бұзғысы келмейтінін айтқан, себебі оны қамауға алу туралы халықаралық ордер бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бразилия президенті Путин 2024 жылы G20 саммитіне барса, оны тұтқындамауға уәде берген