"Орыс тілі жөніндегі ұйым құру туралы" шартты жүзеге асыруға Қазақстан 131 млн теңге жұмсайды

21 қарашада сенат "орыс тілі жөніндегі ұйым құру туралы" шартты мақұлдады.

Құжатты таныстырған сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин "ұйымның мақсаты – қатысушы елдердің орыс тілін қолдау мәселелері бойынша өзара жан-жақты әріптестігін нығайту" деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, мұндай келісім Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанда күшіне енген. Ел аумағында аталған келісімді жүзеге асыруға ғылым және жоғары білім министрлігі жауапты болмақ. Құжат аясында шараларды атқару үшін 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 131 млн теңге жұмсалмақ.

Бір күн бұрын құжатты қабылдаған мәжіліс депутаттары аталған шарттың қабылдануы көп жағдайда "сыртқы саясат үшін" қажет деп мәлімдеген. 21 қарашада да талқылауға қатысқан жалғыз депутат Әлішер Сатыбалдиев сол ойды қайталады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қазанда Путинмен ТМД жанынан орыс тілін қолдайтын және дамытатын халықаралық ұйым құруды ұсынды. Сол жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен саммитте Тоқаев 2023 жыл ТМД ұйымы аумағында орыс тілі жылы болатынын мәлімдеді. Бұл елде екіұдай пікір тудырған.