Тәжікстанда билікті басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған деп айып тағылғандардың шулы сот процесі өтіп жатыр. Сотталушылар қатарында бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде бұрынғы Ішкі істер министрі, Жоғарғы кеңестің бұрынғы төрағасы, ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковниктері бар. Сот процесі жабық, ал іске қатысы бар адамдар жария етпеу туралы құжатқа қол қойған. Бақылаушылар бұл Эмомали Рахмонның "ұлы Рустамның жолын ашу үшін" билікті сынайтындарға "көз қылып" істеп отырғаны деседі. Әйтсе де, "төңкеріс жасау талпынысы" Орталық Азияның басқа елдерінде де болған. Оларда да билік басында отырғандар саяси бәсекелестерінен әлгіндей баптың көмегімен құтылды деп санайды.
Тәжікстан: қастандық жасамақ болған "қарақшы шалдар"
Дәл қазір Тәжікстанда бұрынғы бір топ лауазымды шенеуніктің соты өтіп жатыр. Іс материалдары құпия, жабық сот процесі тергеу изоляторында болып жатқандықтан, журналистер мен қоғам белсенділері оған қатыса алмайды.
Бұл іс 2024 жылдың жазында Демократиялық партияның бұрынғы төрағасы және парламент депутаты Саиджафар Усманзоданы ұстаудан басталған. Танымал шенеунікке "мемлекеттік билікті басып алмақ болды" деген айып тағылды.
Көп ұзамай Усманзоданың серіктері деп бір кездегі белгілі саяси қайраткерлер мен басқа да саладағы танымал азаматтар ұсталды. Атап айтқанда, бұл іс бойынша бұрынғы сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи, Тәжікстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы Акбаршо Искандаров, журналист және Демократиялық партия төрағасының орынбасары Ахмадшох Комилзода, Социал-демократиялық партия төрағасының бірінші орынбасары Шокирджон Хакимов, Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің ақпарат, баспасөз, сыртқы саясатты талдау және жоспарлау бөлімінің бұрынғы бастығы Абдулфайз Атои, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы екі полковнигі Нурамин Ганизода мен Джамшед Боев және баспасөзде аты-жөні аталмаған басқа да тұлғалар бар.
Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған: билікті күшпен басып алмақ болу, ұлтаралық және діни алауыздық қоздыру, алаяқтық және мемлекетке опасыздық жасау.
"Қастандық жасамақ болғандардың" соты Душанбенің тергеу изоляторында жабық режимде өтіп жатыр. Сотталушылардың туыстарын процеске қатыстырмайды, ал адвокаттар іс материалдарын жария етпеу жөніндегі құжатқа қол қойғандықтан, журналистермен сөйлеспейді. Сондықтан қоғам бұл сот отырысы қалай болып жатқанынан бейхабар.
Тергеуді жүргізген Тәжікстанның бас прокуратурасы іске құпия деген белгі соғып, ақпарат құралдарына ешқандай дерек бермеді. Билік тарапынан бір ғана ресми мәлімдеме болды: биыл 9 тамыз күні Тәжікстанның бас прокуроры Юсуф Рахмон баспасөз мәслихатында белгілі қайраткерлер тобының ұсталуы "мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті күшпен басып алмақ болды" деген айып тағылып отырған Саиджафар Усманзоданың ісімен байланысты екенін мәлімдеді. Ол "тағы бірнеше адамға" қатысты іс қозғалғанын айтқанымен, олардың аты-жөнін атаған жоқ.
"Іс құпия жүріп жатқандықтан, ештеңе айта алмаймын. Бірақ, бір нәрсені айта аламын: қазір қандай қызмет атқаратынына және бұрын қандай қызмет атқарғанына қарамастан, мемлекетке опасыздық жасаған, ұлтқа, президентке сатқындық жасаған кез келген адам заң алдында жауап береді", – деді Юсуф Рахмон.
Ресми нұсқаға сүйенсек, айыпталушылар қастандық жасауды жылдар бойы жоспарлаған. Бас прокуратураның мәлімдеуі бойынша, билікті күшпен басып алудың түрлі жолдарын қарастырған 2021 жылғы телефон әңгімесінің жазбасы (үш жыл бұрынғы – ред.) негізгі дәлел болып отыр.
Түрлі теория ұсынғанымен, сарапшылардың жалпы пікірі ұқсас: "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айып – билікті сынайтындар мен қазіргі президент Эмомали Рахмонның билік транзитін үлкен ұлы Рустамға өткізу жолындағы қауіпті деген адамдардан құтылудың тапсырмас тәсілі. Президент кейінгі бірнеше жылда елдің кеден қызметінің басшылығынан мемлекеттегі екінші адам дәрежесіне дейін "өскен" 36 жастағы Рустам Эмомалиды ізбасары санайды.
Ресей мен Еуразияны зерттеумен айналысатын Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров қазіргі президент Эмомали Рахмон елдің жоғарғы басшылық қызметіне дайындалып жатқан ұлының жолы "мейлінше ашық, еш кедергісіз және қиындықсыз" болуына барынша тырысады деп есептейді.
"Сол себепті де ол саяси алаңды барынша тазалап, жаңа президентке қарсы қолданылуы мүмкін қандай да бір ақпаратты білетін адамдарды мүлдем қалдырмауға тырысып жатыр", – деп санайды Умаров.
Сарапшылар биліктің айналасында кейінгі кезге дейін ізбасар болуы ықтимал тұлға делінген адамды елдің жоғарғы билігіне аса дайын емес деп санағандар болғанына, тіпті "әпкесінің жағдайы әлдеқайда жақсы ғой" деген әңгімеге аударады. Әпкесі деп отырғаны – қазір президент әкімшілігін басқаратын 46 жастағы Озода Рахмон.
Қауіпсіздігін ойлап, аты-жөнін жария қылмауды өтінген тәжікстандық сарапшы: "Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп істі болып жатқан "қарақшы шалдардың" басым көпшілігі зейнет жасында және саясаттан әлдеқашан кеткен адамдар. Олар әлдебір сәтте президенттің ізбасары туралы жағымсыз әңгіме айтқан болуы мүмкін, президент бұл бәріне сабақ болсын деп шешкен сияқты", – деп есептейді.
Оның айтуынша, құдасы, елдің бас прокурорының көмегімен Эмомали Рахмон ұлының ел басқара алатынына күмән келтіргендердің бәрін осылай көпшілік алдында жазаламақ.
Орталық Азияны зерттеуші Брюс Панниер Тәжікстанда қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ете алатын, билік транзитіне кедергі келтіруі мүмкін деген тұлғалардың көзін құртып жатыр деді.
"Бұл іске қатысы бар азаматтардың арасында қазіргі биліктің қарсыластары, тәжік саяси алаңындағы тәжірибелі тұлғалар, 10, 20 немесе одан да көп уақыт бұрын қызмет еткен бұрынғы министрлер мен басқа да экс-шенеуніктер бар. Тәжікстанда билік әкеден балаға өтпекші, бұл адамдар Рустам Эмомали билікке келсе оны мойындамауы мүмкін, ал қоғамдық пікірге ықпал ете алатын мұндай тұлғалардың пікірі Тәжікстанның басқа азаматтары үшін де маңызды болады", – деді Панниер.
Әйтсе де, Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence аналитика орталығының директоры Әлішер Илхамов "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айып тағылып, істі болып жатқандар отыз жылдан астам уақыт бойы билік басында отырған Эмомали Рахмонды биліктен кетіру жайын өз арасында талқылаған болуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"Тергеу қандай дәлелге сүйеніп отырғанын білмейміз, біздің қолымызда ақпарат жоқ. Істің құпия қарастырылып жатқанын ескерсек, дәлел жеткілікті емес немесе тіпті ойдан шығарылған, содан да құпия деген белгі соғылып отыр. Мемлекеттік төңкеріске қатысты істер ондай құпия болмауы керек, әңгіме мемлекеттік құпия туралы болып отырған жоқ қой", – деді ол.
Дегенмен, Илхамов мұндай айыптау мен тергеу ісі авторитар режимдердің қызмет қисынына сай келетінін, соның ішінде авторитар басшы өмір бойы билікте отыруды көздеген және билікте көп отырып қалған елдерге тән екенін айтты.
"Сөз еркіндігі болмаған соң халық та, элита өкілдері де режим туралы пікір алмасқанда ашықтыққа бармайды. Бұл, әлбетте, ел билеушінің шынайы немесе қиялдағы оппозиция туралы үрейі мен қорқынышын еселей түседі. Мұндай жағдайда басшылыққа қастандық жасамақ болды дейтін істер нақты фактіге емес, күмән-күдікке негізделеді, сондай-ақ, біз бәрін қадағалап отырмыз, билікке қол сұғуға жол бермейміз дегенді көрсету үшін алдын алу шарасы ретінде де көпшілікке көз қылып жасалады", – деді маман.
Қазақстан: "Трактормен – Ақордаға"
Қазақстанның жаңа тарихында "мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы" бірнеше рет болды, оның кейбірі мүлде ақылға қонбайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеген қылмыстық іс материалында мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған бірнеше адам Ақордаға трактормен басып кірмек болған деп жазылған.
Бұл топтың қолында, сондай-ақ, "картопатқыш", яғни егіс даласында құсты үркіту үшін немесе жай ғана көңіл көтеру үшін пластик құбырдан құрастырылған, картоп салып ататын құрылғы болған. Бұған қоса пневматикалық мылтық, асүйде пайдаланатын пышақ және арматура бөлшектерімен "қаруланыпты".
"Билікті басып алмақ болды" деген күдікке ілінген жеті адам 2022 жылдың қараша айында, президент сайлауы қарсаңында ұсталды. ҰҚК былай деп есеп берді: дауыс беретін күні бұл топ шабуыл жасауды жоспарлаған, әкімдік ғимараттары мен байланыс нысандарын басып алуды көздеген, тәртіпсіздік ұйымдастырып, қалада көлік қозғалысын тоқтатпақ болған.
Күдіктілерді ұстағаннан кейін ұлттық қауіпсіздік комитеті бірден жариялаған видеода жұпыны бөлмеде, жұпыны дастархан басында бет-жүзі көрінбейтін бірнеше адам отырғаны байқалады. Олардың арасындағы бір ер адам елдің ірі қаласы Алматы қолымызға өтуі мүмкін дегенді талқылап отыр. Ал дәл жанында балаларға арналған пластик орындықта кішкентай бүлдіршін отыр.
"Топ құрамында қылмыс әлеміне қатысы бар және әлеуметке қарсы түрлі топ өкілдері болған, – деді ҰҚК бейнеролигінде. – Бұл топ қашып жүрген банкир Мұхтар Әблязовты қолдаған және онымен көзқарасы да ұқсас, сот тыйым салған ҚДТ ұйымы мен "Көше партиясының" белсенділері".
ҰҚК айтып отырған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясы" елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған, әйтсе де Еуропа парламентінің қарарына сай "бейбіт оппозиция". ҚДТ-ның негізін салған Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бастап Еуропада тұрып жатыр, шетелде отырып Қазақстан билігін сынайды, халықты митингіге шығуға және құқығын қорғауды талап етуге үндейді.
Азаттыққа түсініктеме берген Әблязов ҰҚК-нің видеосын "нашар қойылым" деп атап, арнайы қызмет орындары билікті бейбіт жолмен кетіруге бағытталған жаппай наразылықтан қорқады, сол себепті мұндай әрекеттерді жеккөрінішті етіп көрсетеді деп мәлімдеді.
Шулатып ұстаудан басталған, құқық қорғаушылар "трактор ісі" деп атаған іс бойынша сот үкімі бір жарым жылдан кейін шықты.
45 жастағы Бағдагүл Андреева, 41 жастағы Ержан Төреқұлов, 38 жастағы Олжас Құлжаханов алты жылға сотталды. 64 жастағы Сағынгүл Қонар, 37 жастағы Теңлік Нұрланов пен оның құрдасы Ақылжан Қисымбаев бес жыл арқалады. Тергеу кезінде жасаған әрекетін "мойындаған" Айдос Іліпбаевқа үш жыл төрт ай шартты жаза берілді. Сот олардың бәрін "билікті күшпен басып алуды насихаттау немесе оған көпшілікті шақыру", "экстремистік топ құру және оның жұмысына араласу", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша кінәлі деп тапты.
Сотталғандар бұл іс қолдан жасалғанын айтып, ҰҚК тарапынан жіберілген агенттердің "арандатуына ұрынғанын" мәлімдеді. Олар жиынға шақырып, билік ауысуы ықтимал екенін айтып, режим құлаған жағдайда не істеу керегін талқылауға итермелеген және әлгі картоппен атқылайтын құралды жасауға шақырған (онысы іске жарамайтын болып шығыпты).
Адвокаттар да әдейі арандату болғанын айтып, ешқандай топ болмаған, тіпті сотталғандардың кейбірі бір-бірімен таныс емес деп мәлімдеді.
Мәселен, Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты және дінтанушы Сағынгүл Қонар тергеу әрекеті басталғанға дейін сотталғандарды үш-ақ рет көргенін мәлімдеді.
– Қылмыстық кодекстің 179 және 272-бабына икемдеу үшін ("Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не конституциялық құрылысты күштеп өзгерту" және "Жаппай тәртіпсіздік" – ред.) кездесу бейнежазбасының стенограммасын жасағанда өздері ойлап тапқан мүлдем басқа сөздерді жазды. Естіліп тұрған нәрсені естілмеді деп бұрмалады, – деді ол сотта сөйлеген сөзінде.
Алматыда тау баурайындағы алма бақты жалға алып, алма сатып күнелтіп жүрген Олжас Құлжаханов бақтағы вагоннан табылған қару (карабиндер мен автоматтар) өзінікі емес екенін айтты.
– Оның қайдан пайда болғанын білемін. Бос тұрған вагонға өздері апарып тастады. Ол уақытта мен жұмысқа жалданып, таныстарымның үйін жөндеп жатқанмын. Әкем 15 қараша күні вагонға барып, заттарды алып, жинастырған. 16 қарашада қар жауды. 17 қарашада тінтуге келіп, қар мен мұз астынан қару тауып алды, – деді Құлжаханов сотта сөйлеген сөзінде. Ал қудалаудың себебі әкесінің азаматтық белсенділігіне қатысты болуы мүмкін екенін айтты. – Әкем Сағат Құлжаханов – азаматтық белсенді. Әкемді ертеректе: "Төрт ұлың бар екен, біреуі сотталып кетеді деп қорықпайсың ба?" деп қорқытқан болатын. Арада жыл өтті, мен түрмеде отырмын.
Сотталушылардың адвокаттары азаматтардың іс-әрекет үшін емес, әңгімелесіп, өз ұстанымын білдіргені үшін қудалауға ұшырағанын айтты.
Сот олардың кінәсі дәлелденді деп санап, 2024 жылдың наурыз айында айыптау үкімін жария етті.
Қазақстандық құқық қорғаушылар "Трактор ісі" бойынша сотталғандарды саяси тұтқындар тізіміне қосып қойды. Ресми Астана елде саяси себеппен сотталған я саяси көзқарасына бола қуғын-сүргінге түскендер жоқ деп мәлімдеп келеді.
"Саяси қуғындаудың негізгі белгісі – цензура, арнайы заңдар және жазалау органдары. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсы жоқ. Біздің заңнамада азаматтар саяси көзқарасы үшін қуғынға ұшырайтындай бірде-бір жарлық, бірде-бір заң не басқа нормативтік құжат жоқ", – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қаңтар айында мемлекет қаржыландыратын Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.
Қазақстанда "төңкеріс жасамақ болды" деген айып тағылып, сотқа тартылғандар арасында үкіметті сынап келген саяси қарсыластары ғана емес, оған қоса билік шекпенінің ішінен шыққандар да болған. Қазіргі заман тарихында мұндай қудалауға душар болған билік өкілдеріне қатысты кемі екі оқиға бар.
2008 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев 20 жылға сотталды. Бір кездері түкірігі жерге түспей, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған Әлиев ол уақытта басынан бағы тайып, шетелде тұрып жатқан, ал оны зайыбы, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева екеуін сырттай ажырастырды. Әлиев пен оның жақтасы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың ісі бойынша сот сырттай және жабық режимде өтті.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Әлиев (мамандығы дәрігер) пен Мұсаев "әсері күшті уды пайдалана отырып, ел басшыларының көзін құртуға әрекеттенген" және "билікті басып алатын содырлар дайындаған".
Әлиев пен Мұсаев тағылған айыпты мойындаған жоқ, Әлиев қылмыстық қудалаудың себебі – қайынатасымен қақтығысқа барғаны үшін өзінен кек алу екенін айтты.
Астана едәуір тыраштанғанымен, Мұсаев пен Әлиевті Австриядан елге экстрадиция жасай алмады. 2015 жылы Қазақстанда қозғалған басқа бір іс бойынша Вена түрмесінде сотты күтіп отырған Рахат Әлиев абақтыдағы жалғыз адамдық камерадан өлі табылды. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол жұмсаған.
2022 жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктесі Кәрім Мәсімовке елде төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылды. Астанада өткен жабық соттың былтыр 24 сәуірде шығарған үкімі бойынша Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", Қаңтар оқиғасы кезінде "лауазымын асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бас еркіндігінен айырылды.
2022 жылдың басында Қазақстанда үкіметке қарсы жаппай наразылық шарасы тәртіпсіздікке ұласты, оны басып-шаншу үшін президент Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуды бұйырғанын мәлімдеді. Қаңтар оқиғасы кезінде елде кемінде 238 адам қаза тапты.
Ел билігі тәртіпсіздікті өкіметті күшпен басып алмақ болған "жоғары лауазымды шенеуніктер" мен қылмыстық топ өкілдері ұйымдастырған деп мәлімдеді. Мәсімов пен оның қоластындағы бірнеше адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс жабық сот процесінде қаралды. "Төңкеріс" туралы істің мән-жайынан қоғам әлі күнге бейхабар.
Қырғызстан: үш рет билікті күшпен құлату және оншақты рет "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну"
Үш рет билікті күшпен өзгерткен Қырғызстан үшін белгілі саясаткерлер мен оппозиция өкілдерін "билікті күшпен басып алмақ болды" деген күдікпен қамауға алу таңсық жағдай емес.
Кейінгі жылдары қозғалған ең атышулы процестің бірі – "Кемпірабад ісі" болды. Іске қатысы бар 20-дан аса адамның арасында саясаткерлер, азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар болды. Олардың көпшілігі Кемпірабад су қоймасының жерін Өзбекстанға беру мәселесі талқыланған жиынға қатысқан.
Бұл іске қатысы бар азаматтар 2022 жылдың қазан айында ұсталды. Қырғызстан ішкі істер министрлігі оларға "жаппай тәртіпсіздікке дайындалу" бабы бойынша айып тақты. Ал кейіннен бәзбіріне "билікті күшпен басып алуға" дайындалу бабы қосылды. Ұсталғаннан кейін бірнеше ай өткенде сот айыпталушылардың бір бөлігін абақтыдан үйқамаққа ауыстырды. Үкім шыққанға дейін тергеу изоляторында сегіз адам қалды. 2024 жылдың маусым айында бірінші сот қылмыс құрамы болмауына байланысты айыпталушылардың бәрін ақтады. "Құпия" деген белгі соғылғандықтан, сот әу бастан қоғамнан жабық жағдайда өтті.
Іске қатысты үкім шыққаннан кейін, биыл маусым айында президент Садыр Жапаров "Кемпірабад ісі" бойынша шыққан сот шешіміне "ешқандай қатысы жоғын", "сот қандай шешім қабылдаса да, ол дұрыс не бұрыс болса да, келісу қажет" екенін мәлімдеді. Әйтсе де, соттың орнында болғанда, "ұйымдастырушыларға қандай да бір жаза" тағайындайтынын мойындады. Өйткені, президентің ойынша, бұл адамдар "шын мәнінде жартысы қайтарылған Кемпірабадты уыстан шығып бара жатыр деп халықты адастырып, көшеге шығуға арандатып, билікті басып алуды көздейді".
2024 жылдың шілде айында Бішкек прокуратурасы аудандық соттың ақтау үкіміне қарсылық білдіріп, іс бойынша айыпталушылардың бәрін кінәлі деп табуды талап етті.
Солардың бірі, Конституциялық соттың бұрынғы судьясы Клара Сооронқұлова бірінші сот ақтау үкімін шығарғанына қарамастан, өздерінің тағдыры әлі де "қыл үстінде" тұрғанын айтты.
"Соттың қалай өрбитіні жоғарыдағылардың еркіне байланысты болып тұр", – деді ол.
Сондай-ақ іске қатысы бар азаматтардың әлдене деп қоймас үшін немесе сын айтпас үшін "қақпанда" отырғанын айтты.
Саясаттанушы Медет Төлегеновтің пікірінше, балама көзқарас білдіретін кеңістік тарылған сайын мұндай қылмыстық істер қозғала беретіні заңдылық. Мұндай істердің жай-жапсары туралы толық ақпарат жоқ болғандықтан, қандай да бір түйін жасау қиын екені өз алдына, қолында билігі жоқ адамға сотта кінәсіз екенін дәлелдеу де оңайға соқпайды деді саясаттанушы.
Кейінгі жылдардағы тағы бір атышулы жағдай – танымал бизнесмен, 2021 жылы президент сайлауына түскен Имамидин Ташовтың ісі. 2023 жылдың қазан айында Ташовты тұрғын үй салу кезінде заңсыздыққа жол берген деген күдікпен ұстаған. Бизнесмен мемлекетке келтірген залалды өтеп, жиынтық құны 600 мың доллар болатын он пәтер бергеннен кейін сот оны үйқамаққа ауыстырды.
2024 жылдың қаңтар айында жария болған видеода Ташов 2023 жылдың желтоқсан айында арнайы қызмет өкілдеріміз деп таныстырған белгісіз адамдар ұстағанын, сегіз күн қамауда болғанын, өзін "жақындарыңа зиян келтіреміз" деп қорқытқанын және құрылыс компаниясын тартып алатынын айтып қоқан-лоқы жасағанын мәлімдеді. Жазадан құтылу үшін 1 млн доллар көлемінде "өтем" талап еткенін де қосты.
Қаңтар айында Имамидин Ташовқа іздеу жарияланды, ал сәуір айында ол билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікпен ұсталды. Бұл іс әлі сотта қаралып жатыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, бизнесмен мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған, тергеу изоляторында отырып, шетелдегі белсенділермен байланысқа шыққан. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысының айтуынша, бұл әңгімені арнайы қызмет сот шешімін алып, жазып алған.
Саясаттанушы Эмиль Джураев бұл бап бойынша іс қозғау қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Алайда, мұндай істерді қылмыстық топтармен күрес ретінде көрсетеді, ал нысанаға оппозиция өкілдері ғана емес, билікке сын айтатын қатардағы азаматтар да ілігеді.
"Әлбетте, мұндай қылмыстық істер қозғалғанда оппозициямен немесе саяси қарсыластармен күрес деп аталмайды, оларды жай ғана қылмыстық элементке жатқыза салады. Алайда мұндай істер билікке өткір сын айтып жүргендерге қатысты қозғалады, соның ішінде оппозиция өкілдері ғана емес, жай ғана билікке сын айту да осындай қудалауға әкеледі", – деді Джураев.
Өзбекстан мен Түркіменстан: ел басшыларының өміріне "қастандық жасау"
1999 жылғы 16 ақпанда Өзбекстан билігі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғанын мәлімдеді: Ташкентте бірнеше күшті жарылыс болды, соның ішінде елдің бас алаңында орналасқан үкімет үйі ғимаратының жанында да жарылыс болды. Билік 13 адам қаза тауып, 100-ден астам адам зардап шеккенін хабарлады.
Сол кезде билік басында отырған Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов "діни экстремистер мен саяси оппозиция террорлық әрекетке барды" деп айыптады. Ол мұны өзіне қарсы жасалған қастандық әрекетіне балады.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өзбекстан билігі бұл жағдайды оппозицияға, сонымен бірге саяси және діни қайраткерлерге қарсы қысымды күшейту үшін қолданғанын айтты.
2023 жылы Түркіменстан "мемлекеттік төңкерістің" алдын алды. Елдің арнайы қызмет өкілдері 20 адамды тұтқындап, "қарулы шабуыл ұйымдастырмақ болды" деп айыптады. Бұрынғы ауыл шаруашылық министрі Батыр Мередовтің ұлы мен ішкі істер министрінің орынбасары Ахмет Ходжатов "сөз байласқан" десті. Арнайы қызмет қастандық жасамақ болғандар Түркіменстанға түрлі қаруды "жүк көліктерімен" тасыған деп хабарлады.
2002 жылы Түркіменстанның арнайы қызмет өкілдері "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың" іс-әрекетінің алдын алғанын хабарлады: 25 қараша күні таңертең президент Сапармұрат Ниязовтың кортежіне қастандық жасаушылар тобы оқ атты. Тергеу органдары "олар билікті қарумен басып алмақ болған" деп мәлімдеді. Сол уақытта бұрын премьер-министрдің орынбасары болған Борис Шихмурадовты "қарулы қақтығыс жасауды ұйымдастырушылардың басында тұрған" деп айыптады. Күш құрылымдары 46 адамды қамауға алды, оның ішінде 17-сі – шетел азаматы. Ұсталғандар арасында бұрынғы сыртқы істер министрі Батыр Бердыев, Ташауыз уәләятының бұрынғы әкімі Язгелді Гундогдыев, Мәжілістің бұрынғы басшысы Тагандурды Халлыев, сонымен бірге бірқатар бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер мен күштік құрылым қызметкерлері болды.
"Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты қолдануға қатысты көптеген түрлі мысал бар. Көп жағдайда бұл наразылық шараларынан кейін болады, ал кейде ресурс немесе актив үшін ішкі күрес, ішкі бәсеке жүрген уақытта да осы бап алға шығады", – деді Ресей мен Еуразияны зерттеумен айналысатын Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров.
Сарапшы саяси қайраткерге немесе бизнесменге "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айып тағылса, ол ықпалды және қазіргі билікке қандай да бір қауіп төндіретін адам деп санайды.
Орталық Азия бойынша сарапшы Брюс Панниер бұрын билік өзін сынағандарға қарсы терроризм бабын қолданғанын, алайда көп ұзамай-ақ ол баптың "жұмыс істемейтіні" белгілі болғанын айтады. Себебі терроризм бабымен қамауға алынғандардың шын мәнінде террорист екеніне сенетіндер аз болды.
"Сондықтан Орталық Азия елдерінің үкіметтері жаңа әдіске көшті – алдымен қастандық жасамақ болды немесе үкіметті биліктен тайдырмақ болды деген айып тағады да, сосын сотты жабық режимде өткізеді. Мұндай айыппен соттауға бұл бапты түрліше түсіндіруге болатыны және билікке жақын лингвистер көмектеседі", – деді сарапшы.
"Temirov Live (Қырғызстандағы саясат, жат пиғылды саясаткерлер мен саяси манипуляция туралы блог форматында баяндайтын YouTube-арна – ред.) жобасының қазіргі және бұрынғы журналистерінің жағдайы – осының жарқын мысалы. Олардың кейбірі "Баспасөз еркіндігі" деген жазуы бар жеңі шолақ жейде киген. Осыған орай билік лингвистермен кеңесіп, бұл жазуды үкіметті тақтан тайдыруға шақыру деп есептеуге болатын-болмайтынын сұрады", – деді Брюс Панниер.