"Ұшқыштар адамдарды аман алып қалуға тырысқан". Ақтаудағы апат туралы сұхбат

Your browser doesn’t support HTML5

Ұшақ неге теңізге қонбады? | Сарапшы түсіндіреді

25 желтоқсан Әзербайжан әуе компаниясының Embraer 190 жолаушы ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға бет алған. Бірақ ресми дерек бойынша, Грозныйда қалың тұман болғандықтан, Ақтауға жөнелтілген. Бірақ Ақтау әуежайына жете алмай қала маңындағы жазыққа бауырлай құлаған.

Ұшақта болған 67 адамның 38-і қаза тапты. 29 адам аман қалып, ауруханаға жеткізілген. 11 адам жансақтау бөлімінде жатыр, олардың сегізі ес-түссіз. Ауруханаға түскендердің он үші Әзербайжан, тоғызы – Ресей азаматы. Алдын ала ақпарат бойынша, бортта болған Қазақстанның алты азаматы қаза болған. Қырғызстанның үш азаматы аман қалғаны, аурухана түскені хабарланған. Екі адамның азаматтығы анықталып жатыр.

Ұшақтың құлауына не себеп? Ұшқыштар әрекетін қалай бағалаймыз? Теңізге қонса көбірек адам өмірін сақтау мүмкін болар ма еді? Embraer 190 деген қаншалық қауіпсіз ұшақ? Осы сұрақтарды Азаттық авиация маманы Абыл Кекілбайға қойды.

– Ұшақта баллон жарылған не оған құстар соғылған болуы мүмкін деген түрлі болжамдар айтылып жатыр. Ұшақ құлаған видеоларды көрген боларсыз, авиация маманы ретінде айтыңызшы, апатқа не себеп болуы мүмкін?

– Апат себебін алдын-ала айту қиын. Ақпарат көп болғандықтан, жалған ақпарат та тарап жатыр. Экипаж мүшелері тәжірибелі маман екенін көрсетті. Себебі әуежайға жете алмаса да адамдар жоқ жерге, кең жерге апарып қондыруға тырысты. Бұдан бөлек шамасы келгенше адамдарды аман алып қалуға тырысты. Қолдарынан келгенін жасады.

Өкінішке қарай, осындай видеоны түсіргенде оның ішінде не болып жатқанын айта алмаймыз, содан кейін өз ой-пікірімізді айтамыз. Бірақ не болғанын айту үшін егжей-тегжейлі тергеуді күту керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұшақ апаты: 38 адам қаза тапты. 29 жолаушы ауруханаға түскен

– Ұшақ құлаған сәттің видеосында теңіз көрінеді. Ұшқыштар ұшақты қара жерге қарай бұрғандай көрінеді. Ұшақ теңіз бетіне қонса, адам шығыны қазіргіден аз болуы мүмкін болар ма еді деген де болжамдар айтылып жатыр. Сіздіңше, ұшақты теңізге қондыру мүмкін бе еді?

– Азаматтық авиацияда қандай болса да ұшқыштың шешімі ең дұрыс шешім деп қабылдауымыз керек. Себебі ұшақтағы жағдайдың бәрі ұшқыштарға мәлім. Бастысы ұшқыштар тұрғын үйлерге түспес үшін ұшақты кең жерге қондыруға тырысты. Бұл әуежайға жетуге тырысқанын да көрсетеді.

– Embraer 190 ұшағы туралы не айтасыз? Олар қаншалық сенімді? Олардың қызмет көрсету ұзақтығы қандай?

– Бұл – заманауи ұшақтардың бірі. Ол 2000 жылдардың басында ғана шыққан марка. Бұл ұшаққа байланысты 3-4 қана апат тіркелді. Бұл қауіпсіздіктің ең жоғары дәрежесіне сәйкес келетінінің бір көрсеткіші. Ал бұл ұшақ 2013 жылы жасалған. Содан бері AZAL әуе компаниясы пайдаланып келеді. Бірнеше жыл пайдаланған соң ұшқыштардың да тәжірибесі молаяды, сондықтан оның техникалық жағынан да, басқа жағынан да қауіпсіз болғанына күмән жоқ.

– Қазақстан әуе компаниялары мұндай ұшақты пайдалана ма? Қаншауы бар?

– Менің білуімше, шамамен 5-7 ұшақ бар, олар келер жылдан бастап бұл ұшақтарды пайдаланудан бас тартқан. Бұл ұшақтың техникалық жағдайына байланысты емес, өздері пайдаланып жүрген Airbus ұшағына толық көшу үшін жасап отыр.