Лос-Анджелес маңында орман өртеніп жатыр, 30 мыңнан астам адам эвакуацияланған

Лос-Анджелес маңындағы өрт. 7 қаңтар 2025 жыл.

Лос-Анджелес маңында орман өрті маңайдағы үйлерге де жайылып, тұрғын үйлер өртенді, 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

7 қаңтар кешке қарай үш жерде: Лос-Анджелестің батысы, солтүстік-батысы мен солтүстік шығысында өрт болып жатқаны белгілі болды. Құрғақ желді ауа райына байланысты өрт айналаға жылдам жайылған. Округте төтенше жағдай режимі жарияланған. Бірнеше адам зардап шеккен: кейбірінің беті мен қолы күйген, өрт қызметінің өкілі бас жарақатын алған.

Голливуд жұлдыздары мен америкалық саясаткерлер тұратын Пасифик-Палисейдс ауданының жағалауын да өрт шалған. Кейінгі мәлімет бойынша, өрт 1182 гектар аумаққа таралған. Билік қанша үйдің өртенгенін хабарламады, бірақ 13 мыңнан астам ғимаратқа қауіп төнгенін айтты деп жазды Associated Press.

Reuters-тің жазуынша, көлік кептелісі салдарынан жағалаумен жалғайтын бір тас жол бітеліп қалған, сол себепті тұрғындар көліктерін тастап, өрттен қашқан. Жедел қызмет көліктеріне жол ашу үшін бульдозерлер пайдаланылған.

Қалған аумақтарда да эвакуация жүргізілген. Лос-Анджелес билігі сәрсенбі күні таңертең жағдай күрделенуі мүмкін деп қауіптенеді. Лос-Анджелесте жүрген АҚШ президенті Джо Байден өртті қонақүйдің терезесінен көріп тұрғанын, өртті сөндіруге және оның салдарынан жоюға грант бөлінгенін айтты.