Сауд Арабиясында АҚШ пен Украина делегаттарының келіссөзі аяқталды. Бүгін, 24 наурызда, АҚШ өкілдері Украинадағы соғыста бітімге қол жеткізу мақсатында Ресей делегациясымен кездесу өткізбек.
Вашингтондық делегация келіссөз нәтижесі бойынша комментарий берген жоқ, дегенмен Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров кездесу "конструктив әрі мағыналы" болды деді.
"Пікірталас өнімді, фокусы айқын болды: біз негізгі пункттерді, соның ішінде энергетика жайын сөз еттік" деп жазды Умеров Facebook-тағы постында.
"Президент Владимир Зеленскийдің мақсаты еліміз халқымыз үшін және жалпы алғанда бүкіл Еуропа үшін әділ де баянды бейбітшілік орнату. Осы мақсатқа жету үшін жұмыс істеп жатырмыз" деді ол.
Эр-Риядтағы келіссөз – Украинадағы соғысты тоқтату үшін АҚШ бастап күш салып жатқан дипломатиялық әрекеттің шешуші кезеңі. Бұған дейін екіжақты келіссөздер арасында бір-екі күн, не одан да ұзақ үзілістер болатын. Барлығын бір жерге жинау келіссөзді жеделдете түсуі ықтимал.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей әскері Киевке дрондармен шабуылдадыРесей және Украина делегаттары бетпе-бет жүздеспейді. Олардың әрқайсысы АҚШ командасымен бөлек кездеседі, мұны Американың өкілі "шаттл дипломатия" деп атады.
АҚШ пен Ресей делегаттары бүгін кездесуі керек. Ресейдің мемлекеттік телеарналары Мәскеу өкілдері Эр-Риядқа 23 наурыз кешке барғанын хабарлады.
The New York Times пен Reuters өз дереккөздеріне сілтеп АҚШ-Ресей келіссөзінен соң іле-шала АҚШ-Украина келіссөзі тағы болуы мүмкін екенін хабарлады. Бөлек келіссөздерде екі тараптың бітім бойынша ұсыныстары ортаға салынбақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Екі тарап екі бөлмеде отырады". Ресей мен Украина Жиддада келіссөз өткізбекДегенмен Ресей және Украина делегаттары соғысты тоқтатуды талқылау үшін бір елге жиналып жатқанымен, бітім бойынша ілгерілеу болатынына сенетіндер аз.
Келіссөздер жүріп жатқанда теледидардан сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский "біздің команда ерекше конструктив ниетте жұмыс істеп жатыр" деді.
"Басқосу өте пайдалы, делегация жұмысы жалғасып жатыр" деді ол.
"Бірақ біз әріптестерімізге не айтсақ та, біз [Ресей президенті Владимир] Путинді шабуылды тоқтату жөнінде шын бұйрық беруге көндіруіміз керек. Бұл соғысты бастаған жақ оны тоқтатуы керек" деді Зеленский.
Ал АҚШ өкілдері Сауд Арабиясындағы кездесу қарсаңында оптимистік танытты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Уиткофф: Украина билігі президент сайлауын өткізуге келісті"Дүйсенбі Сауд Арабиясында нағыз прогреске куә боласыздар деп ойлаймын" деді АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоф Fox News телеарнасына.
Киев пен Мәскеудің бұл кездесуден үміті аз.
"Ең әрі кеткенде [атысқа] үзіліс жасалуы мүмкін. Мұның өзі де белгісіз, себебі келіссөз бір-екі айға ұласып кетуі мүмкін" деді саясаттанушы Сергей Таран Азаттықтың Украин қызметіне.
"Меніңше қазір ең ықтимал нәрсе – уақытша бітімнің техникалық детальдары пысықталуы мүмкін. Содан соң бұларды Киевке, Мәскеу мен Вашингтонға ұсыныс ретінде алып барады" деді ол.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та бұл келіссөзден көп үміттенбейтін сыңай танытты.
"Үлкен үміт күтпеу керек. Алда өте салмақты, жан-жақты жұмыс күтіп тұр. Детальдарына үңілуіміз керек. Жолдың ең басында тұрмыз" деді ол мемлекеттік телеарнаға сұхбатында.