USAGM Азат Еуропа/Азаттық радиосына бөлінген гранттың бір бөлігін беруге келісті

АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосына (АЕ/АР) конгресс бөлген қаржының бір бөлігін беруге келісті. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі мәлімдеді. Мұны олар Азаттық радиосы медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған.

Нәтижесінде Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.

«Агенттік төлем жасауға қажет жылдам әкімшілік шараларды орындады» делінген USAGM-нің сот ісіне тіркелген хатында. Оған сәйкес қаражат 26 наурызда аударылады, ал Азат Еуропа/ Азаттық радиосы оны ай соңында алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 27 журналистік ұйым Азаттықты қорғауға шақырды

24 наурыздағы сот отырысында USAGM атынан өкілдік еткен АҚШ әділет министрлігінің өкілі Абигейл Стоут халықаралық хабар тарату заңына сәйкес медиаұйым келісім талаптарын орындамаған жағдайда агенттік АЕ/АР-мен арадағы грант туралы келісімді тоқтата алады деп жазылғанын айтты. «Сондықтан заң агенттіктің грантты тоқтатуына мүмкіндік береді» деді Стоут.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосының мүддесін қорғайтын адвокат Дэвид Зионтс «агенттік ойына келгенін істейтін болса», конгресске ол ақшаны бөлудің «ешқандай мәні де болмас еді» деп жауап берді.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы биылғы бюджет жылының соңына, яғни 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін бөлінген грант қаржысын алуға талпынып жатыр. Медиакорпорация қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтініш берді. Судья Ройс Ламберт бұл бойынша алдағы апталарда шешім шығаруы керек.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына конгресс бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Басқалар айта алмағанды айтты". Азаттық жайлы хабарды Қазақстан қоғамы қалай қабылдады?