АҚШ Ресеймен және Украинамен Қара теңізде тыныштық орнату туралы келісім жасасты

Қара теңізде әскери қайықтан айналаны шолып тұрған украиналық жауынгер. 7 ақпан, 2024 жыл.

Қара теңізде әскери қайықтан айналаны шолып тұрған украиналық жауынгер. 7 ақпан, 2024 жыл.

АҚШ үкіметі Эр-Риядта америкалық және ресейлік делегациялар кездесуінің қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады. Онда Америка Құрама Штаттары мен Ресей теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, күш қолданудан бас тарту және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдаланбау жөнінде келіскені айтылған.

АҚШ бұған қоса Ресейдің ауылшаруашылық өнімдері мен тыңайтқыштарды экспорттау үшін әлемдік нарыққа қол жеткізуін қалпына келтіруге, теңіздегі сақтандыру құнын төмендетуге және порттар мен төлем жүйелерін пайдалануды жақсартуға көмектесуді жоспарлап отыр.

АҚШ пен Ресей екі елдің президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Ресей мен Украинаның энергетика нысандарына шабуыл жасауға тыйым салу жөніндегі келісімін жүзеге асыру шараларын әзірлемек ниетте.

Ресей мен АҚШ делегацияларының 24 наурызда Сауд Арабиясының астанасында өткені келіссөзі 12 сағатқа созылды.

Ақ үй америкалық және украиналық делегациялар арасындағы кездесу қорытындысы бойынша да осыған ұқсас мәлімдеме жасады, ол кездесу де Эр-Риядта өтті.

Мәлімдемеде АҚШ Украина мен Ресейдің өзара соғыс тұтқындарын айырбастауға, тұтқынға алынған азаматтарды босатуға және Украинадан күшпен әкетілген балаларды қайтаруға көмектесуге ниетті екені айтылған. Вашингтон сондай-ақ Украина мен Ресейдің энергетика және теңіз келісімдерін іске асыруға үшінші елдердің қатысуын құптайды.

Сейсенбіде Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Ресей мен Украина энергетика нысандарға шабуылдан бас тартқан жағдайда Киев Қара теңізде атысты тоқтатуға келісім беретінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ, Ресейдің әскери кемелері Қара теңіздің шығыс бөлігі аумағынан шығып кеткен жағдайда Киев оны осы келісімді бұзу деп есептейтінін да атап айтты.

"Біз осындай нәтижеге қол жеткізгеніміз үшін АҚШ тарапына ризашылығымызды білдіреміз (...) Теңізде тыныштық орнату және еркін кеме қатынасы жөнінде сөз қозғалып жатқандықтан біз инфрақұрылым жайлы да айтпақпыз. Оның қалай болатынын көрерміз... АҚШ-қа біз стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарының тізімін жеке бердік", — деді сейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский Сауд Арабиясындағы келіссөздер жөнінде түсініктеме берген кезде.