Конгрестің 40-тан астам мүшесі Трампқа хат жазып, Азаттық жұмысына қатысы бар жарлықты жоюға үндеді

АҚШ Конгресінің делегациясы Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қаза тапқан журналистердің мемориалын қарап тұр. 2022 жылғы мамыр. Солдан оңға қарай: Майкл Маккол, Билл Китинг, Джо Негус және Тед Лью.

АҚШ Конгресінің делегациясы Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қаза тапқан журналистердің мемориалын қарап тұр. 2022 жылғы мамыр. Солдан оңға қарай: Майкл Маккол, Билл Китинг, Джо Негус және Тед Лью.

25 наурыз күні АҚШ-тың заң шығару органы – Конгрестің ондаған мүшесі ел президенті Дональд Трампқа хат жазып, АҚШ Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабуды көздейтін жарлығын жоюға үндеді. Өкілдер палатасы мүшелерінің айтуынша, жарлық USAGM-ге қарайтын Азаттық радиосы секілді ұйымдарға залал келтіріп, АҚШ қарсыластары – Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдеріне көмек болмақ.

Конгрестің 40-тан астам мүшесі қол қойған хатта USAGM-нің жабылуы АҚШ-тың әлемдегі беделі мен ықпалына соққы болатыны айтылған.

"Тікесін айтқанда, Гаванадан Каракасқа дейін және Минскіден Тегеранға дейін миллиондаған адам жабық әрі шектеулі ортада қалып қояды. Олар әлем жайлы ақпарат алуға қауқарсыз болады", – деді хат авторлары. – Біз сізге осы жарлықты қайта қарап, USAGM мен оның хабар тарату желілерінің маңызды жұмысын жалғастыруды қамтамасыз ету жөнінде табанды талап қойып отырмыз".

Өкілдер палатасының мүшесі, осы палатаның сыртқы саясат комитетіндегі Еуропа жөніндегі кіші комитеттің жоғары шенді өкілі Билл Китингтің (демократ, Массачусетс) айтуынша, Азаттық радиосы, Америка дауысы, Азат Азия және USAGM-ге қарасты өзге медиа ұйымдар "маңызды жұмсақ күш құралы қызметін атқарып", жабық қоғамда өмір сүретін адамдарға объективті әрі сенімді ақпарат ұсынып келеді.

"Олардың жұмысы тиімді болғаны сонша, Иран, Ресей және Қытай елдеріндегі режимдер бұларды ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп жариялаған", – деді Китинг баспасөз хабарламасында. Осы хабарламада ол Трамптың 14 наурыздағы жарлығын "қисынсыз" деп атап, бұл жарлық АҚШ-тың еркін медиадан қорқатын қарсыластарын жігерлендіреді деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ соты Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыруды тоқтатуға уақытша тыйым салды

Хатта сондай-ақ USAGM желілері мен грант алушылары еркін және ашық медиа кең тарамаған елдерге жан-жақты ақпарат беруде тарихи және маңызды рөл атқаратыны айтылған.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосын жабу Ресей, Беларусь, Иран және Орталық Азия өкіметтеріне өз режимінің пропагандасын таратып, Азаттықтың марапат жеңген хабарлары тойтарыс береді деп қорықпауына жол ашады", – дейді хатқа қол қоюшылар.

Хат АҚШ соты Азаттық радиосының USAGM үстінен түсірген шағымы жөнінде оң шешім шығарған күні жіберілді. Трамптың жарлығынан соң USAGM Азаттыққа бөлінген Конгресс қаражатын бермей қойған. Азаттық бұл шешім заңсыз деп сотқа жүгінген.

Судья Ройс Ламберттің айтуынша, Азат Еуропа/Азаттық радиосының грантын тоқтатқан агенттік "жосықсыз әрі қыңыр" әрекет жасаған, ал бұл әрекет іске асқан жағдайда хабар таратушы ұйымға "орны толмас зиян" келтірер еді.

Ламберт Азаттықтың жабылуына жол бермеу үшін агенттік шешімін уақытша тоқтату қаулысы қажет екенін айтты.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына АҚШ конгресі бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына АҚШ конгресі бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы – Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.