Франция соты әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен мен Еуропарламенттің тағы 8 депутатын Еуроодақ ақшасын орынсыз жұмсағаны үшін кінәлі деп тапты.
Сот шешімі бойынша, Ле Пен төрт жылға бас бостандығынан айырылды (екі жыл шартты жаза, екі жыл электронды браслетпен жүреді) және алдағы бес жыл ешқандай саяси қызметке сайлана алмайды. Бұған қоса ол 100 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге тиіс.
Тергеушілер тұжырымы бойынша, Марин Ле Пен мен оның партиясынан сайланған басқа депутаттар Еуропарламентке көмекші ретінде алған адамдар «Ұлттық бірлестік» партиясының мүшелері болған және олар жұмысқа келмеген. Соның кесірінен олар Еуроодаққа 2,9 млн еуро шығын келтірген.
Ле Пен мен сегіз депутаттан бөлек олар жұмысқа алған 12 адам да сотқа тартылған. Жалпы істе 25 айыпкер бар.
Марин Ле Пен басқаратын «Ұлттық бірлестік» 2024 жылғы шілдеде Францияда өткен парламент сайлауында үшінші орын алған. Парламенттегі ең көп орын солшыл альянс – «Жаңа халық майданы» (182 орын), президент Макронның жақтастары 168 орын алған.
Сот бұл істі былтыр қыркүйектен қарай бастаған. Прокурорлар Ле Пенді бес жыл бостандығынан айырып, бес жыл саяси қызметке сайланудан шектеуді, 300 мың еуро көлемінде айыппұл салуды сұраған.
Францияда келесі президент сайлауы 2027 жылы өтуі тиіс. Ле Пен 2012, 2017 және 2022 жылдары өткен үш сайлауға да қатысқан. Соңғы екі сайлауда ол екінші кезеңге өткен, әр сайлау сайын оның қолдаушысы артқан. Саясаткер алдағы сайлауға да қатысу ниеті бар екенін, прокуратура француз халқын «таңдауынан айырмақ болып жатқанын» мәлімдеген.