Еуроодақтың ұлғаю жөніндегі комиссары Марта Кос ханым "Азат Еуропа/Азаттық радиосын қорғау қажеттілігін" атап өтіп, "біз мұны қолға алмасақ, бүкіл әлем бойынша автократтарға сыйлық жасаймыз".
Еурокомиссар бұл сөзді 1 сәуір күні Страсбургте өткен Еуропарламент пікірсайысында айтты. Пікірсайыс демократиялық медиаға қолжетімділік тақырыбына арналып, Азат Еуропа/Азаттық радиосының қазіргі ахуалын қамтыды.
Дебатқа АҚШ президенті Дональд Трамптың 14 наурыздағы жарлығы түрткі болды. Бұл жарлық Азаттықтың үстінен қарайтын АҚШ Ғаламдық медиа агенттігінің ауқымын қысқартуға бағытталған.
Жарлық шыға сала агенттік басшысының аға кеңесшісі Кэри Лейк Азаттыққа хат жазып, Конгресс мақұлдаған грантты тоқтатамыз деп мәлімдеді.
Содан бері агенттік грант келісімін тоқтату жайлы шешімінің күшін жойды, бірақ Конгресс мақұлдаған қаражатты әлі бермей отыр. Салдарынан 1 сәуір күні Азаттық кей қызметкерлерін демалысқа жіберуге мәжбүр болды.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың атынан сөйлеген Кос: "Еуропа Одағы тәуелсіз БАҚ-қа, соның ішінде Ресей мен Беларусь медиасына пана болуы қажет. Бұл олар жұмысын жалғастырып, саяси және бизнес элитаны қадағалап, жемқорлықты әшкерелеуі үшін керек" деді.
Комиссар қиындыққа тап болған баспасөз ұйымдарының қаржы мәселесін Еуроодақ өз мойнына алуы мүмкін деген әңгімені қозғамады. Бірақ бұл идея жайлы Еуропа Парламентінің бірнеше мүшесі сөз етті.
ДАУЛЫ ТАЛҚЫ
Еуропарламенттегі ең үлкен топ – оңшыл-центристік "Еуропа халқы партиясының" мүшесі, Португалиядан сайланған Себастьян Бугальо: "Біз құп төлеп, мойнымызға жүк аламыз" деді.
"Жасылдар" тобының мүшесі, литвалық депутат Виргиниюс Синкявичюс: "Азат Еуропа/Азаттық радиосында ұзақмерзімді әрі тұрақты қаржы көзі болғанын қамтамасыз етуіміз керек. Қаржы берушілердің ішінде Еуроодақ та болғаны жөн" деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Басқалар айта алмағанды айтты". Азаттық жайлы хабарды Қазақстан қоғамы қалай қабылдады?Коммунистік Чехословакия кезінде танымал диссидент болған, қазір "Еуропа консерваторлары мен реформашылары" тобына кіретін чехиялық депутат Александр Вондра Азаттық радиосы Иран, Беларусь және Ресей секілді репрессияшыл елдерде ақпарат таратуға көмектескенін атап өтіп, Еуроодақты осы медиаға қаражат бөлуге шақырды.
"[Азат Еуропа/Азаттық] радиосын қаржыландыруға ашық болайық және мұның қандай формада болатынын келісейік" деді ол.
Бір сағаттың дебаттың кей тұстары дауға ұласып жатты: заң шығарушылар бір-біріне дауыс көтере сөйледі.
Еуропарламенттегі популист топтардың бірқатар мүшесі Еуроодақ қаржысын Азаттық радиосына беруге қарсы шықты.
Әсіре оңшыл "Германия үшін балама" партиясының мүшесі, еуродепутат Мэри Хан Азаттық радиосы "өзін-өзі қаржыландыра алады", "Еуропа институттары медианы қаржыландырмауға тиіс" деп мәлімдеді.
Словакиядан сайланған Милан Угрик те пікір білдіріп, Еуроодақ оның орнына Словакияда қара мал шалдыққан аусыл ауруына қарсы күресіп жатқан фермерлерге көмектескені жөн деді. "Сіздің тәуелсіз медиаңыз – тәуелсіз медиа ұғымына толықтай қайшы келеді" деп қосты ол.
Угрик те, Хан да "Еуропаның егемен елдері" дейтін топқа кіреді.
Тағы оңшыл популист фракция – "Еуропа патриоттары" тобына жататын француз депутаты Жюльен Санчес бұл мәселені қозғап отырған Еуропарламент "екіжүзділік" танытып отыр деп, заң қабылдаушы институттың "АҚШ-тағы жағдайға қол сұғып отырғанын" айтты.
Дебат 3 сәуірде аяқталатын пленарлық отырыс аясында өтті. Бұл пікірсайыстың дауысқа салар қарары жоқ. Бірақ кейінгі кезеңдерде дауыс берілетін қарар ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы Азаттыққа Еуропарламенттің бірнеше депутаты айтты. Олар жағдайды бақылап отырамыз деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әкем Азат Еуропа "үнін" естіп өсті. Тағдыры қыл үстінде тұрған радио жайлы бір естелік