БҰҰ Адам құқықтары комитеті Қаңтар құрбанының қазасы бойынша істі қабылдады

Қаңтарда Ақтөбеде қаза тапқан Русланбек Жұбаназаров (архив фотосы)

Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары комитеті Қаңтар құрбаны Русланбек Жұбаназаровтың қазасы бойынша қазақстандық құқық қорғаушылар шағымын қабылдады. Бұл жөнінде "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының заңгері Амангелді Шорманбаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, 2022 жылғы қаңтарда Ақтөбеде өлтірілген Жұбаназаровтың өмір сүру құқығы, сотта қорғану құқығы бұзылған. "Күштік орган қызметкерлері Қаңтар оқиғасы кезінде жан-жаққа оқ атып, қарусыз адамды өлтірген. Қылмыстық іс [қылмыс құрамы] болмағандықтан тоқтатылды, кейін біз араласқан соң тіпті құпия қылып тастады" деп жазды Шорманбаев.

Олар бұл іс бойынша Қазақстанның Конституциялық сотына да арыз берген, бірақ сот істі қараудан бас тартқан. Шорманбаев БҰҰ Адам құқықтары комитетінің шағымды қабылдауын "өте маңызды іс" деп атады.

Істің БҰҰ деңгейіне жетуіне қатысты марқұм Жұбаназаровтың қарындасы да пікір білдірді.

"Біз күресті тоқтатқан емеспіз. Тоқтатпаймыз да. Өйткені ағам жазықсыз оққа ұшты. БҰҰ-ның біздің арызымды қабылдауы өшуге жақындаған үміт отын қайта жаққандай болды" деді Жайнагүл Бүркітқызы Азаттыққа.

Русланбек Жұбаназаров – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде қаза тапқан екі азаматтың бірі.

Жұбаназаров билік демонстранттарды күштеп таратқан 2022 жылғы 7 қаңтар күні таң алдында оққа ұшса, Файзулла Нұргелдин алаңда алған жарақатынан оңала алмай, екі айдан соң қайтыс болған.

2022 жылғы 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттағанына қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Олар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа қарсылық білдірген. Наразылар әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балама "террорист" деген айдар тағып, кім атып өлтіргенін жасырады"

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны 30 жастағы Русланбек Жұбаназаровты алғашында билік "террорист" деп айыптап, траншеяға көмбек болған. Оның сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 2022 жылғы 8 ақпанда берілген. Туыстары оны 9 ақпан күні туған жерінде жерлеген.

Ақтөбе прокуратурасы Жұбаназаровтың әке-шешесін 1,5 жылдан кейін ғана жәбірленуші деп таныған. Іс екі рет ашылып, қайта жабылған.

2023 жылғы шілдеде Қазақстан Конституциялық соты Русланбек Жұбаназаровтың ісі бойынша құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың шағымын талапқа сай емес деп кері қайтарған. Шорманбаев шағымда "Жұбаназаров ісінің құпия деп танылуы, жәбірленуші тараптың іс материалдарымен таныса алмауы – жәбірленуші тараптың конституциялық құқықтарын бұзып отырғанын" жазған. Бұған қоса, құқық қорғаушы тергеу мен прокуратура Мемлекеттік құпиялар туралы заң мен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сүйеніп, кісі өлімін зерттемей отырғанына да шағымданған.

Ақтөбе: 4-6 қаңтардағы оқиғалар