Черногорияда "Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова ұсталды

"Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова.

"Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова.

Черногорияда қазақстандық "Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова (Тәңсәрі) ұсталған. Бұл туралы ол өзінің телеграм-арнасында айтты. Смайылованың сөзінше, қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Таңертең Қазақстанға экстрадициялау бойынша сот өтпек.

Смайылова құрған "Не Молчи" қоғамдық қоры Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын қорғаумен айналысады. Қор анықтаған зорлық-зомбылық оқиғалары Қазақстанда резонанс тудырған. "НеМолчи.kz" тұрмыстық және жыныстық зорлық көрген әйелдерге мыңдаған онлайн кеңес берген. Қор жұмысы нәтижесінде жыныстық зорлық көрсетті деп айып тағылған ондаған адам сотталды. Ондаған полицей әрекетсіздік және жұмысқа немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылып, 200-ден астам полицей тәртіптік жазаға тартылды.

Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында Дина Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген. Прокуратура қор мен Смайылованың есепшоттарын бұғаттаған.

Смайылова үш жылдан аса уақыттан бері отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Қазақстан оған халықаралық іздеу жариялаған еді.

Смайылова бұған дейін әлеуметтік желіде "НеМолчи.kz" қорына ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын айтқан. Оның ойынша, билік тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген қорды жапқысы келеді.

Ал Human Right Watch ұйымы "Биліктің Смайыловаға қарсы белсенді іс-қимылға көшуі − қылмыстық әрекетті жоюдан гөрі оның ұйымының заңды жұмысын қаралау әрекетіне көбірек ұқсайды" деп, істі әділ тергеуге шақырған.