Қазіргі кезде сайлау учаскелерінде тіркелмеген сайлаушылар саны өте көп. Астана қаласы әкімдігінің үй аралап таратқан, сайлаушыларға арналған парақшасында көрсетілген телефон нөміріне хабарласып, аты-жөнімді айтып тексерткенімде, өзімнің №196 учаскелік сайлау тізімінде жоқ болып шықтым. Учаскелік сайлау комиссиясындағылардың телефон арқылы: «Бізге қала әкімшілігінің берген тізімі ішінде сіз жоқсыз. Егер дауыс бергіңіз келсе құжаттарыңызды (үй кітапшасы және жеке куәлігіңізді) алып келіп тіркеліңіз», – деді.
Ел тарихында болған әр сайлаудан қалмай, дауыс беру күні өзім қалаған сайлау учаскесіне барып, бақылаушы ретінде қатысып жүрдім. Сондағы байқағаным – дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі тізімде тіркелмеген сайлаушылардың саны шексіз болып жатады. Учаскелік тізімде өз аты-жөнін таппаған көп сайлаушылар қосымша тізімге жазылып, бюллетеньді оп-оңай алып, дауыс беріп жатады. «Қосымша тізімге» арналып бекітілген тәртіп сақталмайды. Дауыс беру аяқталарда сайлаушылар тіркелген негізгі журналдағы дауыс берушілерден гөрі қосымша тізімге тіркеліп дауыс бергендер саны асып жатады.
Дауыс беру барысында қолданылатын «қосымша тізімдер» ақырында сайлау нәтижелерін бұрмалауға қолайлы жағдай туғызады. Мұндай қолайлы мүмкіншілікті кім болса да зая жібермейтіні анық.
Астана қаласының қалалық сайлау комиссиясы ұйымдастырған семинар-кеңеске шақырылған қаламыздағы саяси партиялардың бірінің атынан осы «қосымша тізімдер» жайында айтқанымда, сайлау комиссиясынан ешкім мардымды жауап бермеді.
Астана қаласының қалалық сайлау комиссиясы сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастырған кезде, сайлаушылар тізіміне қатысты қажетті мәліметтерді толық жинауға болады ғой. Мәселен, әр азамат өзінің тұрған жерінде «Азаматтарды тіркеу кітабына» мекен-жайын көрсетіп тіркеледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Әр қала тұрғыны өзі тұрған үйге коммунальдық қызмет көрсететін Пәтерлер иелері кооперативтерімен арнайы шартқа отырып, тізіміне де алынады.
Өкіметім өз уақытымен келе жатқан әр сайлауға бірде-бір азаматты қалдырмай, барлығын сайлаушылар тізіміне түгелдеп тіркеп алып, сайлауға қажетті уақытта асықпай даярлану керек. Қазіргі Қазақстан Президенттігіне кезектен тыс сайлауын екі ай ішінде өткізу – барлық жағынан да үлкен асығыстық.
Президенттікке үміткерлер де өздерінің үгіт-насихат жұмыстарымен республиканың барлық жерлерін аралауға үлгермей жатыр. Ал Назарбаев –жиырма жыл үзбей ел басқарып келе жатқан адам, яғни еліміздің барлық жұрты таниды. Және ол кісінің «дәстүрлі» түрде мемлекеттегі әкімшілік ресурстарын сайлауда кеңінен пайдаланатынын ескеруіміз керек.
«Асыққан – шайтанның ісі» деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Асығыс өткізген барлық сайлау ақырында талапқа сай болмай шығады және мейлінше бұрмаланады.
Бізде болары болып, бояуы сіңіп, сайлау өтіп кеткен соң ғана «сайлау әділетсіз өтті, билік сайлау нәтижесін бұрмалады» деп байбалам салып, айтып жатады. «Қосымша тізіммен» дауыс бермеуге, биліктегілерге сайлау барысында бұрмалау құбылысын болдырмауға қазірден бастап күш салу керек. Себебі алда өз кезегімен келе жатқан басқа сайлауларға әділетті жолмен баруға даяр боламыз.