Үрімшіде Қазақстанның визасын алу үшін түрлі машақат пен қорлық көретін Шыңжаң қазақтары енді Бейжіңге барып сергелдеңге түсті деп хабарлайды белгісіз оқырманымыз.
Бейжіңде виза алушылардың өшіретінде тұрғандар былай деп әңгіме шертуде:
– Көп ашулана бермейтін мен бүгін талағымнан тарс айырылдым. Бейжінге келгеніме, міне, бүгін 20 күн болды. Өшірет жетпек түгілі – сол консулдың түрін көре алмай қақиып тұрмын осы арада! Ең құрдым дегенде, консулдің бір ауыз сөзін естіп, Шыңжанға қайтып кетсем – арманым болмас еді-ау! Бұл жерде бірінші өшірет алу үшін кешкі сағат 9-дан бүгінгі таңғы 6-ға дейін жынды адам секілді қақиып тұрмын. Бейжіңнің мына қара суығында 12 сағат тұрып жеткендегі сөзім мынау болды: «Болмайды, бір айға өзіңізге ғана ашып беремін. Ал бала-шағаңыз бен әйеліңіз өздері келіп аштырсын» деген.
– «Шаңырағың ортасына түссін Қазақ консулы! Анау елшілікте шақырайып отырған сұр жылан бері шықшы... Мына қара халықтың мұңы мен зарын естуге ерінетін ана қалқан құлағыңды кесіп ап, мына елдегі қалың құмырсқаның илеуіне тастайын, ана қай-қайдағыны айтып тыным бермейтін ауызыңды тіліп құлағыңа жеткізейін! – деп атышулы Оспан батырдың бүгінгі бір ұрпағы кіжінді.
– Ой, Құдай-ай! – деп шықты тағы бір қазақ, – мына тастан жаралған пендеден кәпір артық екен! Қайран басым, неге ғана «Қазақстан, Қазақстан» деп қалдым екен?.. Өзім де өлексемін ғой, енді бармағаным Қазақстан болсын, татпағаным ол жердің дәмі болсын! – деп доқ көрсеткенмен, түрі қолы жетпеген арманы көзден бұл-бұл ұшып бара жатқанын сезінгеннен қап-қара болып түтігіп кетіпті...
– Ей, қарақ, сақалды басымды алдың тартып тұрмын. Дөкүменттерім толық, ешбір заңсыз қылықтар өтемегем. Арман болған қазақ елін бір көріп келсем деймін! «Ата мекенім, ата жұртым» деп! «Жат – жарылқамайды, өзің – өлтірмейді» деп барам ол жаққа! Болмаса, алпыстан асып, «төрден көрім жақын қалғанда» менен қандай өнер күтесің – басқа шалдар сияқты «туған жерден бір шымшым топырақ бұйыртсын» деп жатпаймын ба? Өзің балам түгілі немереммен тұстас бала екенсің, басқаны елемесең де, мына менің аппақ сақалымды қадірлеп, бірер ауыз жылы лебізіңді білдірсеңші!.. – деп бір ақсақал таусыла сөйлегенде талайлардың көзінен жас ыршып-ақ кетті...
– Мынауың мал екен, ініңнен бері шықсашы, басын кесіп алатын... – деп және бір қазақ ашуға басты...
Оған қосарласқан басқа біреу:
– Әй, кеше мен оған «рахмет» десем, ол маған: «Сен неменеге маған рахмет айтасың? Маған рахмет айтатындай, мен сенің шаруаңды ақшаға бітіріп беріп жатырмын ба?» деп өзіме дүрсе қоя берді емес пе, әуелі, - деп шағымданды.
Содан кейін осы қатарда состиып тұрған біреуі құлағын қайырды:
– Ей, не болды сосын? Сенен не сұрады?
– Не күлерімді, не жыларымды білмей тұрғаным, - деп жауап берді оған алдыңғысы, – «Менен «ұйғыр не істейді?» деп сұрады. Мен: «егін егеді» дедім. Ол: «мұңғұл не істейді?» деді. Мен: «Мал бағады», – деп жауап бердім.
– Иә, содан?..
Артта тұрғандар ішек-сілесі қатып күліп жатыр.
– Ол мені анық мазақ етіп тұрды. Ішім жанып кете жаздады. Маған «шошқа етін жейсің бе?» дегенін қайтерсің, ол аз болғандай...
– Өй, дөйт, басқа сұрақ таппай қалған ба?
– «Жоқ жемеймін» – десем, «жеп көрсең болмай ма?» дейді кеп. Адам төзгіссіз қор болған соң: «Ағасы, мені мазақтамай, әкеліңізші бері құжаттарымды» дей бергенімде «Болды, болды. Визаңды ашып беремін» деді. Шынымды айтайын, сол екі арада жігерім құм болып кетті ғой...
– Анық қорлаған екен де сені. Осы ханзулар шетінен қырып, бытырлатып визасын алып жатыр ғой. Солар сияқты үндемей ақшасын берсең, жөнімен жүре бермес пе едің! – деді біреу көп нәрседен хабардар екенін аңғартып.
– Әй, осы өзімізден де бар. Мұнда бір реніш туа қалса осы Жүңгөдан кетіп Қазақстанның қолтығына кіріп кеткіміз келеді. Ал Қазақстаннан біреу қайта көшіп кепті десе, қайтадан «отаншыл» бола қаламыз («Отан» - туып өскен жерлері). Негізінде екі ортада сабылып жүріп, сандалып өлетіндер біз болармыз түбінде, - деп шындықтың қара қылын қақ жарды. Сөзінің артында мұң жатты...
– Иә, «қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу» деген осы, - деп біреу күрсінді...
Оқиғаның барысы былай болған. «Бейжіңде визаны тоқтатпай ашып жатыр» дегенді ести сала, 40-50 қандасымыз салаң етіп онда жетіп келгенге құсайды. Бейжің қымбат қала - ең нашар төсек орны 30-40 юань тұратын жерде тұрақтап, ең арзан тамағын ішіп, бөтен ортада, қақаған суықта бүрсеңдеп, қайтайын десе, «виза болып қалар» деп алаңдап жүріп қалыпты.
Елшілік дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері ғана ашылады. Сағат 9-30-дан 11-00-ге дейін қабылдау болады. Ал сағат 16-00-ден 17-30-ға дейін виза қойылған паспорттар таратылады.
Осы қарқынмен жұмыс істеген елшілік күніне 8-9 адамды ғана қабылдайды екен. Отбасыға виза берілмейді, жеке адам басына ғана толтырылады. «Қоятын сұрақтары қалаймақан» дейді кіріп шыққандар. Көбірек сөйлеп қалсаң, қағып тастайды. Жағдайыңды дұрыстап жеткізе де алмайсың. Пойызбен екі күнде әрең жеткен бөтен жерде қазағым өстіп жүріп өліп қалмаса болды. Ол туралы елшіліктегілер ойланды ма екен...
Күте-күте сабыры кеткен адамдар енді делдал іздей бастаған екен. Анау Шыңжаңда виза үшін бәленше мың алып, аңқау халықтың үстінен күн көріп отырғандар қаншама! Бұл жерде де сол әдетке қайта басты қазақ. Бірақ көпшіліктің жігері құм болып бара жатқаны рас. Делдал қайсы біріне жетеді, қайсы бірінің ақшасы делдалға жетеді?
Бейжіндегі визаның жағдайы осы екен...
Ал шекарадан өткізетін ханзудың мазағы одан кем емес:
– Қайда барасың?
– Туысшылап.
– Сағынып қалдың ба соншалық?
– Сағынбауымыз керек пе?
– Жеті атаңды білесің бе?
– Жеті емес, он екі атамды білемін.
– Онда кері қайт. Білетінің шамадан тыс көп екен!!!