Доку Умаровқа Мәскеудегі шабуылды ұйымдастырды деген айып тағылды

Ресейдің тергеу комитеті ресми түрде Кавказдағы шешен бүлікшілерінің басшысы Доку Умаровқа «Мәскеу әуежайындағы жанкештілік шабуылды ұйымдастырды» деген айып тақты.

Комитет баспасөз хатшысы Владимир Маркиннің мәлімдеуінше, Доку Умаровқа қаңтардың 24-інде «Домодедово» әуежайында болған жарылысқа қатысы бар деген айып тағылған. Жанкештілік шабуылдан 37 адам қаза тауып, 180-нен астам адам жараланған болатын. Әуежайдағы жарылысқа байланысты жауапкершілікті өткен айда Доку Умаров өз мойнына алып, егер Ресей Кавказда шариғат заңы бойынша басқарылатын тәуелсіз ислам мемлекетін құруға мұрсат бермесе, жанкештілік шабуылдар жалғасады деп ескертті.

Маркиннің айтуынша, дүйсенбі күні Ингушетиядағы рейд барысында «Домодедоводағы» шабуылға қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталған. Наурыздың 28-індегі рейдтен кейін Умаровтың қайда екендігі туралы қарама-қайшы хабарлар келіп түсті.