«Фукусима» АЭС-індегі радиация деңгейі шекті шамадан 4385 есеге көбейген

Бүгін Жапонияның ядролық және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі агенттігі «Фукусима-1» атом электр станциясы жанындағы теңіз суындағы радиоактивті элементтердің шекті шамадан 4385 есеге көбейіп отырғаны туралы хабарлады.

Агенттік бас директорының орынбасары Хидехико Нишияма бұл наурыздың 11-і болған зілзала мен цунами салдарынан АЭС-те апат шыққалы бергі ең үлкен көрсеткіш деп мәлімдеді.

Сонымен бірге ол АЭС-тің айналасындағы 20 шақырым аумақтағы елді мекендерден тұрғындар көшірілгендіктен адамдардың денсаулығына қауіп жоғын айтты.

Алайда БҰҰ мамандары әлгі аталған 20 шақырымдық аймақтан сыртқары жерде де радиацияның деңгейі жоғары екендігін ескертіп, кейбір аудандардан тұрғын халықты көшіруге кеңес беріп отыр.