Интернеттегі домендік атаулар беру процесін демократияландыру басталып кетті

ICANN интернетте ұлттық әліпби әріптерінің көмегімен домендік атаулар беруді мақұлдаған шешімін жариялады. Аталған шара арқылы ICANN интернеттің «балкандануына» шек қоймақшы.

ТМД АУМАҒЫНДА ИНТЕРНЕТТІ ПАЙДАЛАНУ ЖЕҢІЛДЕЙ ТҮСПЕК

Интернеттегі домен атауларын тіркеу жөніндегі Ru-Center ұйымы өкілдерінің «Интернеттегі мекендер мен тағайындалған атауларды үлестіруге қатысты кеңестер қорытып шығару жөніндегі халықаралық қоғамның» яғни ICANN – ның интернеттегі сайттардың домендік атауына «.рф» жұрнағын беруді мақұлдауы ықтимал екендігін мәлімдеді, деп жазады «The Moscow Times» басылымы.

Кириллица әріптері арқылы құрастырылған интернеттегі домендік атауларды бөліп беру шарасы осы аптадан бастап қолға алынуы мүмкін. Аталған шара ICANN – ның Ресей мемлекетіне ресми түрде «.рф» типтес домендерді тағайындауға құқық бергенінен кейін іс жүзіне асырыла бастайды. Бұл туралы Ru-Center ресми өкілі Андрей Воробьев мәлімдеді.

ICANN былтыр қараша айында интернеттегі домендік атауларды құрастырғанда латын әліпбиіне жатпайтын ұлттық әліпбилер әріптерін қолдануға рұхсат берген болатын. Аталған қадам кирилл әліпбиі және тағы да басқа ұлттық әліпби әріптерімен жазылған домендік атауларды қолдануға жол ашты, деп түсіндіреді газет.

Кириллица әріптері арқылы құрастырылған интернеттегі домендік атауларды бөліп берудің әуелгі кезеңі қиыншылықтар туғызды.

Себебі, алғашында домендік атауларды тіркететін компаниялардың осы атауды иемденуге ресми құқығының болуына қатысты еш талап қойылмады.

Бұл жайт домендік атауларды тіркетуші тұлғаларға танымал атауларды тіркеуге құқық берді. Алайда, кейіннен сауда таңбаларының меншік иелерінің құқығын қорғау мақсатында жаңа ережелер енгізіліп, аталған мәселе өз шешімін тапты.

Кирилл әріптерімен жазылған домендік атауларды бөліп берудің екінші кезеңі мамыр айының 12 жұлдызында басталуы тиіс. Бұл кезең ішінде жұртқа «.рф» жұрнағының алдында атауы орналасатын домендік атаулар үлестіріледі.

АРАБТАР МЕН ҚЫТАЙЛАР БАСТАП ТА КЕТТІ

Аталған кезең ішінде жекеше компаниялар, ақпараттық агенттіктер мен саяси партиялар домендік атауларды тіркету үшін өз арыз – өтінішін бере алады, деді Воробьев.

Бұл кезең қыркүйектің 30 жұлдызында аяқталады да, қазанның 1 жұлдызынан әрбір осыны қалаған тұлға интернетте кириллица әрпімен жазылған субдомендерді тіркеуге мүмкіндік алады, деп атап көрсетеді басылым.

Интернеттегі домен атауын тағайындауда ұлттық әліпби әріптерін қолдану Ресей аумағынан тыс әлемнің әр түрлі аймақтарында да қанат жая бастаған сыңайлы.

«Afrik» сайтының жазуына қарағанда, интернетті пайдаланушылардың 20 пайызының ана тілі болып табылатын араб тілінде де домендік атау беруге қазірден еркін мүмкіндік беріліп отыр.

Бұған дейін домендік атау беруде тек латын әліпбиі қолданылып келген болатын. Ал енді араб әрпімен жазылған домендік атауды тіркеу Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Египетте заңдастырылып отыр.

Дегенмен, бейлатын әліпбилері әріптерімен жазылған мекенжайларды интернетте іздеп табу әлі де қиыншылық тудырып отыр. Мәселен, Firefox тәрізді кей браузерлер әлі күнге мұндай қызмет көрсетпейді, деп атап көрсетеді сайт.
Бейсенбі, мамырдың 6 жұлдызында, өзінің 1998 жылы құрылғанынан бері алғаш рет Icann URL – да яғни интернетте бейлатын әріптерімен жазылған мекенжайларды орналастыруды ресми мақұлдады, деп атап көрсетеді «Le Monde» газеті.
Египет, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері араб тілінде «.fr» тәрізді географиялық домендік атауды қолдану мүмкіндігіне ие болған бірінші мемлекеттер болып отыр.

Бұған дейін интернеттегі мекенжай атауын араб тілінде жазу мүмкін болып келсе де, аталған географиялық жұрнақты мекенжай атауының соңына қою мүмкін болмаған еді, деп жазады газет.
Египеттің коммуникациялар мен ақпараттық технологиялар министрлігінің сайты аталған мүмкіндікті ең бірінші болып пайдаланушылар қатарына еніп отыр.

«Енді жұмыстың ең ауыр кезеңі басталады. Бұдан былай мемлекеттер өз тұрғындарының барынша көбінің интернетті пайдалануына біртіндеп мүмкіндік беретін процесті іс жүзіне асыра бастауы тиіс», деп атап көрсетеді Icann өкілдері осы аталған халықаралық ұйымның блогында.

«WEB-ТІҢ БАЛҚАНДАНУЫНА ЖОЛ БЕРМЕУ»

2008 жылдың маусымында американ ұйымы ICANN мұрындық болған бейлатын әріптерімен жазылған мекенжайлардың пайда болуы таяу уақытта бейлатын әріпімен жазылатын интернеттегі мекенжай санының өсуіне жол ашпақ.
Мәселен, мұндайлардың арасында кириллица негізі болып табылатын әліпби әріптерімен немесе ивритте жазылған сайттар көптеп кездесуі әбден мүмкін.

Жалпы алғанда, ICANN – ға осындай құқық алу үшін жиырма ел өзінің өтінішін тапсырып отыр, деп атап көрсетеді «Le Monde».
Аталған бастаманы іс жүзіне асыру арқылы ICANN интернеттің «балкандануының», яғни интернет желілердің бөлшектеніп кетуінің алдын алмақшы.

Әйтсе де, күні бүгін интернет пайдаланушыларының саны 400 миллионға жеткен Қытай қазірден бастап «балама» жүйе енгізуді ұсынып отыр. Аталған жүйе ICANN жүйесін айналып өтіп, қытай тілінде мекенжай атауын құрастыруға мүмкіндік береді.