Қазақстан үкіметі «Қазақмыстың» екінші ірі акционеріне айналды

Владимир Ким, "Қазақмыс" компаниясының басшысы. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл

Қазан айының 5-і күні "Қазақмыс" директорлар кеңесі төрағасы Владимир Кимнің компаниядағы үлесінің қысқарғандығы белгілі болды. Ким өзіне тиесілі акцияның 11 пайызын «Самұрық-Қазына» ұлттық əл-ауқат қорына сатқан.

«Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким компанияның 58,8 миллиондай қарапайым акциясын немесе барлық акциясының 11 пайызын мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қорына сатқан.

"ЗИЯНЫНАН ГӨРІ ПАЙДАСЫ БАСЫМ"

«Самұрық Қазына » қорының Азаттық радиосына жіберген хатында көрсетілгендей, операция Қазақстан қор биржасында жүзеге асып, әр акция 3 363 теңге 43 тиынға (шамамен 23 доллар) сатылған. Акция құны Лондон қор биржасынының қазанның 4-індегі жабылу сəтіндегі бағаға сай келеді екен.

Экономист Мұхтар Тайжан, бұл операцияның зиянынан гөрі пайдасының көптігін айтады.
Мұхтар Тайжан, сарапшы-экономист. Алматы, 25 мамыр 2010 жыл

- Мен активтердің бұл аударылымынан ешқандай жамандық көріп тұрғаным жоқ. Себебі акцияның бағасы нарықтағы бағаға сай. Ал екіншіден, егер бұл акцияларды Ким Қытайға сатып жіберсе жағдай мүлдем нашар болушы еді. Себебі бұған дейін қытайлық металлургиялық ірі концерндердің бірі Қазақмыстың бір бөлігін сатып алуға ниет білдіргендігі жайлы ақпарат тараған еді. Бұл меніңше, қауіптірек болар еді. Ал қазіргі жағдайда акциялар мемлекет иелігіне өтіп отыр, - дейді Мұхтар Тайжан.

Ресми ақпаратқа қарағанда «Самұрық-Қазынаға» акциялар сатылғаннан кейін Кимнің компаниядағы үлесі 27,9 пайызды құрайды. Ал мемлекеттің үлесі 26 пайызға өсіп отыр. Бұған дейін Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік жəне жекешелендіру комитетінің иелігінде 15 пайыздық акция болған еді.

ЭКОНОМИКАНЫ ЖОҒАРЫДАН РЕТТЕУ ҮРДІСІ

Экономист Қанат Берентаевтың сөзінше қазір Қазақстанда мемлекет тарапынан экономиканы реттеу процесі күшейіп келеді. Самұрық Қазынаның бұл әркеті осы процестің аясында жүріп жатқан іс дейді маман.

- Біз өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында елдегі ірі кәсіпорындардың барлығын әркімге арзан бағаға таратып бердік. Сондықтан қазіргі болып жатқан процесс – заңды. Меніңше осындай қарқынмен «Самұрық Қазына» тек «Қазақмыстың» ғана емес, өзге де ірі компаниялардың негізгі акциялар пакетіне ие болуы да мүмкін, - дейді экономист.
Қазақмысқа тиесілі кәсіпорындардың бірі, Қарағанды облысы

Қазақмыс - табиғи ресурстарды өндіру жəне өңдеу жөніндегі жетекші халықаралық компания. Компанияның мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын және мұнай өндіру салаларында да қомақты үлесі бар.

Компания Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші, əрі əлемдегі жетекші он мыс өндірушінің біріне айналып отыр. Қазақмыс Қазақстанда 16 кенішке, 10 тау-кен фабрикасына жəне 2 мыс балқытушы өндірістік кешенге ие.

ДАЙЫН АҚША

Экономист Қанат Берентаев мемлекет ірі кәсіпорындарды өзіне қайтарумен қатар соңғы кезде акцияларды дайын ақшаға ауыстыру үрдісінің қалыптасып жатқандығына да назар аудару қажеттігін айтады.

- Біз кезінде бұл компанияларды берген кезде тіпті арзан бағаға сатқан едік. Ал қазір Қазақстандағы саяси ахуал тұрақты емес. Кім біледі, мүмкін көп ұзамай ірі компаниялар мемлекет иелігіне толығымен қайтарылатын шығар. Сондықтан қазір кей акционерлер өз акцияларын дайын ақшаға айналдыруды жөн көреді. Қазір Владимир Ким болса, бұған дейін Тимур Құлыбаевтың да біршама акцияларды сатқандығын білеміз. Сондықтан меніңше, бұл - кезінде заңсыз басып алған мүлікті заңдастырудың бір жолы, - дейді экономист Қанат Берентаев.

Оның сөзінше, осылайша кей акционерлер батыс елдерінің алдында заңды миллиардерлер болып шыға келеді.

МЫС МАГНАТЫ

«Қазақмыс» корпорациясының басшысы Владимир Ким Қазақстанның 2010 жылғы ең бай адамдарының бірі болып танылды. «Форбс» журналының есеп-қисабы бойынша, оның дәулеті 3,7 миллиард долларға бағаланып отыр. Осылайша Ким дәулетті адамдардың әлемдік рейтингінде 247-ші орында тұр.
Владмимр Ким Владимир Нимен қоштасу рәсімінде сөз сөйлеп тұр. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл

Әлемдік журналдың миллиардерлер тізімінде 2005 жылдан бері аты аталып келген Владимир Ким «Форбстың» 2009 жылғы есебіне енбей қалған-ды.

«Форбс» журналы мыс магнатының аз уақыттың ішінде қомақты қаржы жинап үлгеруіне қазақстандық қор мен қытайлық компанияның себі тиді деп атап көрсетеді.

«Жақында компания, мыс өндірісін ұлғайту мақсатында Қытай даму банкі және Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 2,7 миллиард доллар кредит алды» деп жазады «Форбс» басылымы.