Оппозиция өкілдері өздеріне тағылған айыптармен келіспейді

Оппозиция лидерлері Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов, Алматы, 24 қыркүйек 2008 ж.

Сәрсенбі күні оппозиция лидерлері Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов 2001 жылы болған қылмысқа ешқандай қатыстары жоқ екенін мәлімдеді.
Оппозиция жетекшілері 2005 жылы Жұмабай Байсақовқа, Есентай Байсақовқа және Арман Жексенбаевқа саяси баспана беруді сұрап Украинаның Көші-қон қызметіне өтініш хат жолдағанда, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жоғарыда аты аталған адамдардың кісі өліміне қатыстары туралы ешқандай ақпарат таратпаған болатын деп айтты.

Болат Әбілев 2004 жылы Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенкоға қолдау білдіру үшін Украинаға барғанында ағайынды Байсақовтармен сол жерде бірінші рет кездескенін айтып отыр.

- Төлен Тоқтасынов оларды бізге таныстырғанда, бұлар Ғалымжан Жақияновтың жақтастары, билік тарапынан оған қарсы қудалау басталғандықтан, ағайынды Байсақовтар да Украинаға қоныс аударуға мәжбүр болды деп айтқан болатын. Ал, 2005 жылы ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беру туралы аталмыш елдің Ұлт мәселелері бойынша комитетіне бірнеше рет хат жолдадық. Ол хатқа Алтынбек Сәрсенбайұлы, Төлен Тоқтасынов, Әміржан Қосанов, Асылбек Қожахметов және мен қол қойдым, - деді Болат Әбілев.

Әбілевтің сөзіне қарағанда, 2001 жылы «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановты атқан адам әлі күнге дейін бостандықта жүр. Ол Ресей азаматы екен. «Ішкі істер министрлігі оны аталған қылмысқа байланысты жауапқа тарту үшін ресейлік әріптестеріне хабарласқанда, олардың өтініші қанағаттандырылмады», - деді Болат Әбілов.
Сонымен қатар, «Азат» партиясының төрағасы, кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне байланысты қылмыстық істі зерттеген Машанлоның осы іс бойынша да тергеуші болып отырғанын айтты. Жалпы, саясаткерлер бұл мәселені биліктің оппозицияға қарсы жүргізіп отырған кезекті арандатушылығы деп бағалап отыр.

- Билік оппозицияға қарсы құйтырқы әрекеттерінің бірін бастады. Олар осы қылмыстық іс арқылы оппозицияны халықтың алдында қараламақшы. Өйткені, Ақордадағы шенеуніктердің көбісінің жемқорлыққа белшесінен батқанын барлығы көріп отыр. Сондықтан да, билік басындағылар өздерінің ғана емес, оппозицияның да сүттен ақ, судан таза емес екенін осындай арамдықтар арқылы дәлелдеп, көрсетпекші. Бүгіннен бастап биліктің қарамағындағы ақпарат құралдарының барлығы қазақстандық оппозиция адам өліміне қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен арашалауға әрекет етті деп хабар таратады. Мұны шалғайдағы қарапайым халық дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Себебі, ол жаққа тәуелсіз басылымдардың жетуі қиын ғой, - деді Әміржан Қосанов.

Ал, Болат Әбілев болса, мұны қоғамның назарын басқа арнаға бұрудың бір тәсілі деп біледі:
- Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағандыдағы шахтадағы жарылыстан 30-ға жуық адам өлгенде, президент Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, онда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басшысының бір айда 360 мың доллар жалақы алатындығын хабарлады. Президенттің осы сөзінен соң, қарапайым халық та, ақпарат құралдары да қайтыс болған кеншілерді ұмытып, әлгі адамның жалақысын талқылаған болатын. Одан соң, Шымкенттегі 100-ден астам сәбидің СПИД дертіне шалдығуына байланысты мәселе қоғамды дүрліктіруге әкеліп соқтырғанда да, біздің құрметті президентіміз таудың етегінде салынған зәулім үйлерді басты проблемаға айналдырды. Сол сияқты, Ақ Ордада отырғандар бүгінгі кезде өздерінің айналасында болып жатқан жағдайлардан және Нью-Йорк сотында кезекті рет жанданып жатқан «Қазақгейт» ісінен қоғамның назарын бұру үшін осыдан жеті жыл бұрын болған қылмысты іске оппозицияны араластырып отыр.

Оппозиция өкілдеріне тағылған айыптарға байланысты саясаткер Әміржан Қосановтың пікірі:

.