Ұлттық «Алаш» қозғалысы мен партиясының көсемі Әлихан Бөкейхан редакциялап шығарып тұрған «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттерінің біріншісі – «Иртышъ»-тың басым көпшілігі Омбыда сақталған болып шықты. Ал Томскіден – «Омичъ» табылды.
ОМБЫДАН ІЗДЕГЕНІМІЗ… ТОМБЫДАН ШЫҚТЫ
«Омичъ» газеті – Брокгауз бен Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінің» мәліметі бойынша, қазақтың ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысы мен партиясының көсемі Әлихан Бөкейханның 1906-1907 жылдары басушы-редактор болып шығарып тұрған тізбекті үш газетінің екіншісі болып табылады.
Ұзақ жылдар бойы таптырмай келген «Омичъ»-тің ізі, күткендегідей, шамамен 1906 жылдың қараша айының екінші жартысынан желтоқсанның соңына дейін өзі басылып шығып тұрған Омбы қаласына емес, Сібірдің өзге әкімшілік әрі ғылыми орталығы – Томскіге алып келді.
Бір өкініштісі, Томск мемлекеттік университетінің (ТМУ) Ғылыми кітапханасында «Омичъ»-тің бар-жоғы 3-ақ саны сақталыпты. Ол туралы мақала авторының өтініші бойынша іздеу жүргізген «Ресей қазақтары» қоғамының белсендісі Данияр Шәріпов хабарлады. Әйтсе де бір ғасырдан аса қарасын көрсетпей келген «Омичъ»-тің үш саны да, дау жоқ, үлкен олжа!
ТМУ-дың Ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Ерохина Азаттық радиосының тілшісімен арадағы телефон әңгімесінде Д.Шәріповтің мәліметін толық растады. Оған қоса кітапхана қорында газеттің 1906 жылдың 17, 18 қарашасы мен 17 желтоқсанында шыққан 2, 3 және 22 сандарының барлығын анықтап берді.
Газеттің соңғы бетінде «басушы-редакторъ» ретінде Н.А.Вереденко деген беймәлім әйелдің аты-жөні көрсетіліпті (өткен жолғы мақалада ол әйелдің инициалдарын В.И. деп қате көрсеткені үшін автор кешірім өтінеді).
Азаттық радиосының тыңдаушыларына хабарлауға асығатын тағы бір қуанышты жаңалық бар. «Иртышъ» газетінің барлық саны демесек те, басым көпшілігі табылды. Көпшіліктің есіне сала кетейін, «Иртышъ» - 1906 жылдың шілдесінен 1907 жылдың ақпанына дейін Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан шығарып тұрған тізбекті үш мерзімді басылымның алғашқысы болатын.
Осы жерде айрықша назар аудара кететін, тарих тұрғысынан да, этикалық ережелер жағынан өте маңызды бір мәселе бар. Ол Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы, ғұлама ғалым әрі публицистің аты-жөнін дұрыс жазу мәселесі.
Өткен ақпан айында Алматы қаласындағы ұлттық кітапханада Алаш қайраткерінің жеті томдық тұңғыш толық шығармалар жинағының алғашқы үш томының тұсаукесері өткізілгенін хабарлаған қазақ баспасөзі – оның ішінде күнделікті мерзімді басылымдар мен телекомпаниялар және радиоарналар да бар – ХХ ғасыр басындағы ұлт жетекшісінің аты-жөнін өз білгендерінше жазып-хабарлап жатты. Бірі «Бөкейханов», екіншісі «Бөкейханұлы», үшіншісі – жинаққа еліктегендей «Бөкейхан» деп берді. Орыс тілді баспасөздің орны бөлек. Олар «Букейханов» деуден бір айныған емес.
Алты Алаш көсемінің 1995 жылы Қазақ энциклопедиясынан жарық көрген «таңдамалы» жинағында да, өткен жылдың соңында басылып шыққан шығармаларының жеті томдық толық жинағының алғашқы 3 томында да оның аты-жөні «Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан» (орысшасы «Алихан Нурмухамедулы Букейхан») деп жазылды. Бұл екі жинақты құрастырушының өз ықыласы немесе тілегі емес.
Егер ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемінің 1927 жылы СССР Ғылыми академиясының ресми баспасынан шыққан «Казаки Адаевского уезда» атты ең ақырғы ғылыми еңбегін алып қарасаңыз – ол шығарманы жоғарыда аталған екі жинақтан да, Алматыдағы Орталық ғылими кітапханаданы түпнұсқасынан да табуға болады – автор өзінің аты-жөнін «Бөкейханов» емес, «Бөкейханұлы» да емес - «Бөкейхан» деп көрсеткен.
Қазақтың Алаш қозғалысы мен партиясының жетекшісі туралы 1930 жылы «Северная Азия» журналында «Омская газета «Степной край» и политическая ссылка» айдарымен естелігін жариялаған оның ұзақ жылғы досы, саяси әрі ғылыми әріптесі С.П.Швецов та «Букейхан» деп атап көрсетті (ескі әдетімен «Бөкейханов» деп жазған жері жоқ емес).
Ұлт көсемінің ақырғы шығармасында аты-жөнін «Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан» (орысшасы «Алихан Нурмухамедулы Букейхан») деп көрсетуі кейінгіге қалдырған өсиетіне пара-пар болса керек.
ӘЛИХАН КАДЕТ ПАРТИЯСЫНА РЕСЕЙДІ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ ҮШІН КІРДІ
«Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттері дәл осындай кезекпен Конституциялық демократиялық немесе кадет партиясының Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитетінің ресми үнқағазы болған еді. Бұл партия кезінде «Халық бостандығы» деген атауымен де кең танылды.
«Халық бостандығы» партиясы 1905-1917 жылдары патшалық Ресейдің қалың бұқара халқы ішінде зор ықпал-беделге ие саяси ұйымы болды. Ресейде самодержавие мен абсолютизмінің орнына конституциялық демократия орнату, отаршыл империяны федерация етіп қайта құру – кадет партиясының түпкілікті бағдарламалық мақсат-мүддесі еді.
Кем дегенде партияның кезекті 12 сиезі өткізілген 1917 жылдың шілдесіне дейін осылай болып келді. Осы сиезден кейін Әлихан Бөкейхан кадет партиясының Орталық комитетінен де, партия қатарынан да шығып, қазақтың тұңғыш ұлттық саяси «Алаш» партиясын ұйымдастыруға кірісті.
Кадет партиясының 1917 жылғы төңкеріске дейінгі зор беделі мен жетекшілік рөлін аңғартатын бірден-бір айғақ – Мемлекеттік думаның 1906 жылғы бірінші және 1907 жылғы екінші шақырылымдарында да «Халық бостандығы» партиясы депутаттарының қатары өзге кез-келген партиядан басым болды. Міне осы басымдық - алғаш сайланған екі Думаны да күштеп таратуға басты себептердің бірі-тін. Кадет басшылары масон ұйымының да негізгі бөлігін құрады.
Еске сала кетсек артық болмас, Алаш қозғалысы мен партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейхан 1905 жылдың қазан айында «Халық бостандығы» партиясының Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитетін ұйымдастырушылардың және басшыларының бірі еді. Сол үшін ғана «орыс патшасының ұрдажығы» (Әлиханның өз сөзі) - Дала, яғни Қазақ уәлаяты генерал-губернаторының қуғын-сүргініне ұшырады.
1906 жылдың қаңтарында Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, «ешбір сотсыз және тергеусіз» (оның түрмеден Ресей премьер-министрі граф Виттеге жолдаған жеделхатынан үзінді) Павлодар түрмесіне жабылды, көп ұзамай Омбы абақтысына аударылды. Омбы абақтысынан ол Семей уездінен «сайлаушы» («выборщик») болып сайлануының арқасында ғана 30 сәуірде бір-ақ босап шықты. Арада екі апта өткенде Әлихан Бөкейхан Семей уездінен «Халық бостандығы» партиясының атынан Бірінші Мемлекеттік думаның депутаты болып сайланды.
Ұлт жетекшісі 1908-1917 жылдары саяси айдауда жүрген Самардан алынған тың мәліметтерге қарағанда, дәл осы жылдары Әлихан Бөкейхан кадет партиясының Самар гүбернелік комитетіне жетекшілік етеді. Сонымен қатар қазақ қайраткері «Полярная звезда» (С.-Петербор) масон ұйымының жергілікті филиалына да басшы болыпты. Соның бір айғағы – 1912 жылы ол кадет партиясының Орталық комитетіне мүше болып сайланды.
ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІҢ ІЗІ
Енді газеттерге қайта оралайық. Томск мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасында «Иртышъ» газетінің 10 саны сақталса, Омбыда санаулы санынан басқасы түгел тұр.
Ресейдің ең басты деген кітапханалары мен мұрағаттарында, атап айтқанда Ресейдің Мәскеудегі мемлекеттік кітапханасында (Химки), Ресей Ғылым академиясының Санктъ-Петербордағы кітапханасы қорында және Петербордың Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаты мен Ресейдің мемлекеттік тарихи мұрағатында «Иртышъ»-тың бар-жоғы 2-ақ саны жатыр. Алайда «Омичъ» газеті туралы ақпараттық анықтамадан басқа оның бірде-бір данасы жоқ болып шықты. Ал Ресейдің Петербордағы Ұлттық кітапханасында не «Иртышъ», не «Омичъ» ешқашан болып көрмеген.
Міне осындай жағдайда бірдей екі газеттің, оның ішінде әсіресе 104 жылдай үн-түнсіз жоғалып кеткен «Омичъ» басылымының жер түбіндегі Сібірдің қойнауынан табылуы еш даусыз зор табыс болса керек. Мен тіпті «ғылыми сенсация» дер едім.
Өте қызықты жайт: біріншіден, Данияр Шәріпов «Иртышъ» газетінің ғайыптан тайып сақталып қалған сандарын не облыстық кітапханадан емес, онысы әбден-ақ қисынға келер еді, не Омбы облыстық мұрағатынан да емес, Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайынан тауып алды.
Екіншіден, әттеген-ай дегізетін жайт: «Омскъ» газетінің ізі не Омбы қаласының өзінен, не облыстың қайсыбір ауданынан да әзірше табыла қоймады. Десе де «Омичъ» - ең алдымен алғашқы санынан ақырына да дейін жарыққа шыққан Омбы қаласында сақталып қалуға тиіс еді.
Тағы бір жағымсыз фактіні айтпай кетуге болмайды. Омбы қаласындағы бір мұрағаттың басшысы «Иртышъ» сандарының қайда жатқаны туралы мәліметті хабарлағаны үшін ғана өзіне қомақты ақша төлеуді талап етті. Өзінің тілегі бойынша АҚШ долларымен төленген ақшаны мұрағат шенеунегі өз қалтасына салғанын жасырған да жоқ.
Міне сол «ақшақұмар» мұрағат шенеунегінің тағы бір мәліметі бойынша, «Иртышъ» газетінің қалған санаулы саны Омбы облысының бірқатар аудандық мұрағатында сақталып жатқан көрінеді.
Әйтсе де Азаттық радиосы Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайы директорының орынбасары Юрий Трофимовтан мұражай кітапханасында «Иртышъ»-тың 2-ден 92-нші санына дейін түгел сақталғанын анықтап білді. Оның ішінде газеттің бірнеше саны ғана жетпейтін болып шықты. Міне осылайша Ресейдің «соқтықпалы-соқпақты» жолдарымен Омбы облысының аудандық мұрағаттарын іздеп сандалудың қажеті болмай қалды.
Ал енді қолымызда Азаттық радиосының тыңдаушылары мен оқырмандарын қуанта алатын тағы бір жаңалығымыз бар. Томскінің мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасында жатқан «Омичъ» газетінің үш саны мен «Иртышъ»-тың он саны және осы газеттің Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайында сақталып келген 80-дей санының электрондық көшірмелері түгел алынды.
Осы жолдардың авторы Омбы облысының тұрғыны әрі «Ресей қазақтары» қоғамының белсендісі Данияр Шәріповке, аталған қоғамның Омбы облысындағы жетекшісі Алтынай Жүнісоваға, «Атамекен» газетінің редакторы әрі тілшісі Дастан Бейсебаевқа «Иртышъ» және «Омичъ» газеттерін іздеуге белсенді атсалысқаны үшін мың да бір рахмет айтады.
Томск мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Ерохинаға, кітапхана қызметкері Елена Макуринаға, Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайы директорының орынбасары Юрий Трофимовқа және мұражай қызметкері Юлия Кирилловаға «Иртышъ» және «Омичъ» газеттерінің электрондық көшірмелерін жасап жібергені үшін дән разымыз.
БАСУШЫ-РЕДАКТОРДЫҢ ШАПШАҢДЫҒЫ
Енді газеттердің өздеріне кеңірек тоқталып өтетін кез келді. Оның ішінде «Омичъ» газетінен бастайық. Өйткені, Ресейдің түкпір-түкпірінен ең болмағанда оның бір ғана санын іздеп табуға қаншама жыл сарп етілді.
Осы жерде ерекше айта кететін маңызды мәселе - «Омичъ»-тің үш, ал «Иртышъ» газетінің тоқсаннан астам санының күтпеген жерден болса да табыла қоюы, басқа көп жайтты былай қойғанда, екі басылымның да бірінші сандарының нақты қай күні басылып шыққанын және қай айдың қай күні, қандай себептермен неліктен жабылғанын толық анықтауға мүмкіндік береді.
Егер «Омичъ» газетінің екінші саны 1906 жылдың 17 қарашасында жұма күні шыққаны және, қолға түскен газеттің бетінде оның «Омбы қаласында мерекелік күндерден кейін күнбе-күн шығады» деп көрсетілгені ескерілсе, онда басылымның алғашқы саны 1906 жылдың 16 қарашасында бейсенбі күні жарық көрген болады.
Газеттің 1906 жылдың 17 желтоқсанында шыққан 22-санында берілген мына хабарландыруда Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі Әлихан Бөкейханның редакторлығымен шығып тұрған үш газеттің алғашқысы қалай және қашан жабылғаны айтылады: «Иртышъ» газетін жаздырып алушыларға. Дала генерал-губернаторының қаулысымен 1906 жылдың 14 қарашасында «Иртышъ» газеті әскери жағдай тәртібінің соңына дейін тоқтатылды. «Иртышъ» газетінің басушысымен арадағы келісім бойынша оны жаздырып алушыларға «Омичъ» газеті жіберіледі».
Назар аудара кететін бір маңызды мәселе: үш газеттің бәрінде де – «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» беттерінде жарияланған құлақтандырулардың арқасында ғана қазақтың ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның өмірі мен қиян-кескі күресінің «омбылық кезеңіне» қатысты бірталай тарихи оқиғаның анық-қанығына көз жеткізуге болады екен.
Мысалға, мына хабарландыруға көз тігейік: «Редакциядан. Алдағы уақытта редакция ұйымдастырылғанша, «Омичъ» газетінде агенттіктердің жеделхаттары мен хабарландырулары басылады».
Осы және келесі құлақтандырулар барлық үш басылымның да қандай «тар жол тайғақ кешуге» тап келгенін көрсетіп қана қоймай, олардың де-факто басушы-редакторы Әлихан Бөкейханның қандай қиын-қыстау жағдайда, оның ішінде отаршыл биліктің зор әкімшілік қыспағында жұмыс істеуге мәжбүр болғанын аңғартады.
Алдымен «Иртышъ»-тың өзінде, одан семейлік «Семипалатинскій листокъ» газеті қайта басқан құлақтандырулар патша әкімшілігінің газетті сот арқылы қудалағанын айғақтайды: «Редакторъ-издатель газеты «Иртышъ» И.А.Поваренныхъ привлекается къ ответственности по ст. 128 Уголовнаго уложенія за статью, помещенную в № 1 газеты».
Арада бір жарым айдан ұзақ уақыт өткенде ғана сот «Иртышъ» газетінің де-юре редакторын айыпсыз деп тапқан: «Дело по обвиненію редактора «Иртыша» и «Степного піонера» прекращено».
Келесі құлақтандыру Қазақ уәлаятының отаршыл әкімшілігі Алаш жетекшісі басқаратын басылымның көзін жою үшін тек сотқа жүгінумен ғана шектелмегенін дәлелдейді:
«Омичъ» оқырмандарына. Газеттің 12 желтоқсанда кешкі 7-ге қарай хатталып болған 22 саны шықпай қалды. Себебі әкімшіліктің өзі ұсынған меңгерушіні бекітпей, ал бұрынғы меңгерушінің жұмысқа шықпай қалуына байланысты біздің газетіміз басылып шығатын «Иртышъ» баспасына әкімшілік тарапынан құлып салынды. «Омичъ»-тің 22 саны бүгін 17 желтоқсанда шығады. «Омичъ» редакциясы».
Соңғы және үш газетке де қатар жарияланған үшінші хабарландыруға қарағанда, «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» үшеуі де «Иртышъ» баспасында басылып тұрған.
Міне, жоғарыда келтірілген хабарландырулардан тағы бірнеше маңызды тұжырым мен жорамал жасауға болады. Біріншісі – алдыңғы газет жабылмай жатып, келесі газеттің шұғыл басылып шыға бастауына қарағанда, үш басылымның да де-факто басушы-редакторы Әлихан Бөкейханның «Иртышъ» баспасына да тікелей қатысы болуы әбден-ақ мүмкін деген тұжырым. «Иртышъ» баспасы не Алаш көсемінің не кадет партиясының меншігі болуы мүмкін, партияның меншігі болса, оны қазақ қайраткері басқаруы да ғажап емес.
Екіншісі – «Омичъ» газетінің 22 саны әкімшілік қысымның, соттың үкімімен немесе отаршыл биліктің тағы басқа құйтырқы іс-әрекетінен өзінің жаздырып алушылары мен оқырмандарына көп кешігіп жеткен бірінші немесе ақырғы саны болмаса керек. 12 желтоқсанда шығуға тиіс «Омичъ»-тің 22 саны бес тәулік кешігіп – тек 17 желтоқсанда, яғни жексенбі күні шықты.
Үшінші тұжырым - 1907 жылдың қаңтар-ақпан аралығында басылып, тізбектегі үшінші «Голосъ степи» газетінде хабарландыруға сәйкес «Омичъ» газеті де желтоқсан айының соңында «әскери жағдай тәрбінінің соңына дейін тоқтатылды». Демек, 1906 жылғы желтоқсанның соңына қарай «Омичъ»-тің көп дегенде тағы 9-11 саны ғана жарық көріп үлгерді.
Олай болса, «Омичъ» газетінің қолымызда электрондық көшірмелері бар 2, 3 және 22 сандарынан өзге тағы кем дегенде 30 шақты санын іздестіру керек болады. Егер де басылымның қалған сандары да, осы жолғыдай Ресейдің Сібірінде немесе Қиыр Шығысында сақталып қалған болса, Қазақстанның солтүстік өңірлерін де мүлде ұмытуға болмайды, онда оларды әлі де табуға болатын сияқты.
ҮЙРЕНШІКТІ АСТЫРТЫН ЖҰМЫС
Жоғарыда келтірілген құлақтандырудың бірінен мына жолдары елең еткізеді: «...редакция ұйымдастырылғанша, «Омичъ» газетінде агенттіктердің жеделхаттары мен хабарландырулары басылады».
Бұл газеттің басушы-редакторы Әлихан Бөкейханның реакцияшыл билікті адастыру мақсатымен істеп отырған қулығы болса керек деген ой келеді. Осы сәтке дейін қазақтың Алаш қозғалысы мен партиясы жетекшісінің кең байтақ Қазақ даласындағы отаршыл әкімшілікке қарсы саяси күресін астыртын жүргізе беретін тәжірибесі әбден-ақ пісіп жетілген еді.
Оған «Омичъ» газетінің үшінші саны айқын дәлел бола алады. Оның алғашқы екі бетінде шынымен де «агенттіктердің жеделхаттары мен құлақтандырулары» жайғасыпты. Бірақ үшінші бетінен-ақ Ресей мен Еуропаның маңызды оқиғаларынан шағын шұғыл хабарларды, «Хроника» айдарын, медицина қоғамының мәжілісі туралы есепті, фельетонды, Омбының театр өмірі туралы материалды оқуға болады. Мұның бәрі – бір-ақ бетте. Ал төртінші бетінде «Омичъ»-тің тілшілерінен» айдарымен меншікті тілшісінің қомақты мақаласы беріліпті.
Ал 22 саны үйреншікті толық форматында шығады да, оның бетінен алдыңғы «Иртышъ» газетінен жиі көруге болатын «В.Д.Митричъ» немесе «П-въ» сынды және тағы басқа есімдер мен бүркеніш есімдерін ұшыратамыз. Мысалға, «В.Д.Митричъ» - үш газеттің де де-факто редакторы Ә.Н.Бөкейханның сонау 1895-1897 жылдары «Степной край» газетінде қоянқолтық бірге істеген қаламдасы болатын.
«В. Д. Митричъ» деп сол кезде Омбыда саяси айдауда жүрген Владимир Соколов деген қайраткер қол қоятын. 1930 жылы «Северная Азия» журналында басылып шыққан Сергей Швецовтың естелігінде «Орман институтын қазір ғана тәмамдап Омбыға келген Ә.Н.Бөкейханды... 1895 жылы «Степной край» газетіне шақырған» да нақ осы Соколов-Митрич екені жазылады.
Бұл, өз кезегінде, «Иртышъ» газетінің күштеп жабылуына қарамастан Әлихан Бөкейханның редакция ұжымының негізін сақтап қалғанын айғақтайды.
ҚАЗАҚША ГАЗЕТКЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАСЫН ӘЛИХАН ОРЫСША ШЫҒАРДЫ
«Иртышъ» газетінің күні бүгін ғана табылған сандарына келсек, солардың арқасында басылымның бірінші саны нақты қай күні жарық көргені анықталды. Ал газеттің жабылған себебі мен күнін біз жоғарыда анықтап үлгердік.
«Иртышъ» газетінің бірінші саны 1906 жылдың 19 шілдесінде жарық көріпті. Бұл күн Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі Әлихан Бөкейханның Выборг қаласының түбінен кейін оралған уақытымен қатарлас келеді. Выборг түбінде Мемлекеттік думаның 200-дей дупутаты Думаның қуып таратылуымен келіспей «Халыққа – халық өкілдерінен» атты үндеуге қол қояды.
Тарихтан «Выборг үндеуі» деген атауымен белгілі бұл тарихи құжатта депутаттар Ресей халқын билікті мойындамауға, азаматтық наразылыққа шақырды. Оған қол қойған халық өкілдерінің ішінде екі қазақ депутаты - Әлихан Бөкейхан мен Сәлімгерей Жантөрин болды.
Мына жайтты еске сала кету дұрыс шығар. Бірінші Мемлекеттік думаның тарихи маңызы мен орны ерекше. Қазіргі Ресейдің ғана емес, бүгінгі Қазақстанның да парламентаризм тарихы сол Бірінші Думадан бастау алады. Өйткені, Думаның бірінші және екінші шақырылымына қазақ халқынан он бір депутат (!) сайланып барды. Олардың екеуі – Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов пен Шаймерден молда Қосщығұлұлы екі Думаға да мүше болды.
Бірінші Мемлекеттік думаны Екінші Николай патша 1906 жылдың 9 шілдесінде күштеп таратты. Оның таратылуымен келіспеген депутаттардың үлкен тобы шілденің 10 күні-ақ Выборг қаласының түбіндегі Териоки (қазіргі Финляндия) мекеніне жиналды.
Үндеуге қол қойылған соң халық өкілдері туған жерлері мен өлкелеріне оралды. Әлихан Бөкейхан Омбыға шілденің 14-іне немесе әрі кетсе – 16-сына қарай оралса керек.
Өте маңызды бір тарихи факт - Алаш қайраткерінің Мемлекеттік думаға депутат болып сайланғаны мәлім болған соң, 1906 жылы С.-Петербордың «Наша жизнь» газеті ең бірінші халық өкілдері туралы беріп тұрған ақпараттық анықтамасында Әлихан Бөкейханның «ана тілінде газет шығармақ ниетімен қырға кеткенін» жазды.
Алайда қас пен көздің арасында Думаның күштеп қуылуы салдарынан орыс тіліндегі партиялық газет шығару мұқтаждығы туды. Оған қоса өз елін құлдық езгісінде ұстап отырған орыс патшасының ұрдажық әкімшілігі Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейханға қазақ тілінде газет шығартып қойып қарап отыра алмады.
Қорыта келе айтарымыз, «Иртышъ» газетінің түгел демесек те, 90-ға жуық саны мен «Омичъ» газетінің әзірше бар-жоғы үш саны табылып, электрондық көшірмелері толық қолға тиген соң, Алаш қозғалысы мен партиясының жетекшісі, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, ғалым, әрі пубицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның тұңғыш жетітомдық толық шығармалар жинағының кезекті төртінші томы – дәл осы екі газет беттерінде және, әрине, тізбектегі үшінші «Голосъ степи» басылымында (бас-аяғы 42 саны шықты) жарық көрген мақалаларынан тұратын болады. Төртінші томға, сонымен қатар, 1896 және 1897 жылдары «Степной край» газетіне басылған туындылары кіреді. Олар да таяуда ғана табылған еді.